Төл өнерге тағзым

30.07.2025

Шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтілген Ұлттық домбыра күніне орай Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастамасымен Компания қызметкерлерінің қатысуымен бір ай бойы ұлттық аспабымыз – домбыраны насихаттауға бағытталған шара ұйымдастырылды.

Соның барысында өнерпаз әріптестеріміз халық арасында кең танымал дәстүрлі әндерді орындап, ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктерін паш етті. Бұл әндер кәсіпорынның әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланып, кең қолдау мен жылы пікірлерге ие болды.

30 шілде күні мерекелік жоба қорытындыланып, қатысушылар марапатталды. «Богатырь Көмір» ЖШС-нің бас директоры Қайрат Рғайбек ұлттық құндылықтарды ұлықтауға атсалысып жүрген қызметкерлерге шынайы алғысын білдіріп, осындай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.

Шараға белсене қатысқан Серік Төлеубаев, Еділ Минайхан, Нұрмұқан Байбешов, Ильмард Ақбердиев, Нұрқанат Ырыс және Дамир Смағұлов Бас директордың атынан Алғыс хатпен марапатталып, оларға арнайы домбыра сыйға тартылды.

Сонымен қатар автокөлік жүргізушісі Еділ Минайхан Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін орындап, қошеметке бөленді. Өз кезегінде Дамир Смағұлов пен Нұрмұқан Байбешов ұлттық өнерге қолдау білдіріп отырған Компания басшылығына алғыстарын жеткізді.


Жаңалықтар тізіміне оралу