Жеңіске апарар жол – бағанда басталады
18.07.2025
Мұқияттылық, қауіпсіздік ережелерін сақтау, командалық жұмыс – осының бәрін бүгін «Мамандығы бойынша үздік–2025» байқауын бақылаған қазылар алқасы байқады. Бұл жолы жарысқа Энергиямен жабдықтау дирекциясының жабдықтарға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі электр слесарьлері қатысты.
Байқауға №1,2 энергиямен жабдықтау учаскелерінен, Богатырь және Северный кешендерін электрмен жабдықтау учаскелерінен Жақсылық Айтахмет, Марғұлан Тыныс Әлібек Арынғазинов, Арман Баянов, Қуаныш Тілеухан, Мұхаммедғали Асылбекұлы, Мағзұм Қабаш. Алан Рамазанов, Вадим Бейсембаев пен Андрей Бурдужан қатысты.
Алғашқы тапсырмада қатысушылар жұптасып, КТП-6/0,4 кВ жинақталған трансформаторлық қосалқы станциясын жөндеу жұмыстарын орындады.
Алдымен қажетті жабдықтардың жарамдылығын тексерді. Қосалқы станцияны тоқтан ажыратқаннан кейін, бір қатысушы бағанға көтеріліп, электр сымдарын шешіп жерге түсірсе, екіншісі оларды қайтадан байлап, бекіту жұмыстарын жүргізді.Жұмыс аяқталғасын қосалқы станцияға қайтадан кернеу беріліп, тапсырманың орындалуы аяқталғаны туралы белгі берілді.
Екінші тапсырмада әрбір қатысушы қадауыш оқшаулағыштарға сымдарды дұрыс бекітіп, байлау жұмыстарын орындады. Қазылар алқасы сымның технологияға сай дұрыс оралғанын, оқшаулағышқа мықтап бекітілуін мұқият тексерді.
Практикалық кезеңде жұмыстардың технологиялық реттілігі, сапасы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және уақыт бағаланды. Тапсырма толық әрі дұрыс орындалған жағдайда 10 балл берілді, ал әрбір қателік үшін 1 балл шегерілді.
Сосын қатысушылар 20 сұрақтан тұратын тест тапсырды. Оны орындауға 20 минут уақыт берілді.
Бұл күні барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды. Ал жүлделі орындар былай бөлінді:
І орын – Мағзұм Қабаш
ІІ орын – Жақсылық Айтахмет
ІІІ орын – Алан Рамазанов
Мағзұм Қабаш: «Негізі еңбек демалысында едім, бұл байқауға арнайы дайындалған жоқпын және жеңемін деп те ойламадым», – деп ағынан жарылды.
Электр слесарьлер арасындағы кәсіби шеберлік байқауының ерекшелігі – оған тек 30 жасқа дейінгі жас мамандар қатысты. Сондықтан бұл байқау олардың кәсіби дағдыларын шыңдауға арналған маңызды тәжірибе алаңы болды деп сеніммен айтуға болады.