Қайта қатарда!
14.07.2025
Бүгін, 14 шілдеде, күрделі жөндеуден кейін «Богатырь» кенішінің №2 Өндіру жұмыстары учаскесінде №2476 ЭКГ-8И экскаваторы қайта пайдалануға берілді.
Негізінен, 1977 жылы шығарылған бұл техникаға Тау-кен-көлік жабдықтарын жөндеу (ТКЖЖ) зауытының бөлімшелері: металқұрылымдарды жөндеу учаскесі, электр жөндеу және механикалық учаскелердің ұтымды әрі үйлесімді жұмыстарының арқасында екінші өмір сыйланды. Құрылымдық бөлімшелердің толық өзара әрекеттесуінсіз күрделі жөндеу циклін толық орындау мүмкін болмас еді.
Жөндеу барысында пайдалануға жарамсыз болып қалған экскаватордың негізгі торабтары мен агрегаттары қолданылды.
«№2476 ЭКГ-8И экскаваторын күрделі жөндеу барысында негізгі жетектердің электр машиналары, бұрылыс, көтеру, тегеурін және жүріс бәсеңдеткіштері, жүріс бөлігі (барлық аунақтар ауыстырылып, шынжыр табандар ішінара жаңартылды), жүріс жақтауының металқұрылымы, сондай-ақ шанақ пен бұрылмалы платформаның барлық металқұрылымы қалпына келтірілді. Бұған қоса, кабель өнімдері толықтай жаңартылып, жұмыс жабдықтары: тұтқа арқалығы, шөміш, ершікті мойынтірек ауыстырылды. Соңында экскаватор толықтай боялып, сырланды», – деді ТКЖЖ зауытының директоры Николай Костюченко.
Аталмыш машинананы қайта іске қосу үшін №2476 экскаваторының жүріс бөлігі, №1330 экскаваторының бұрылмалы платформасы және шанағы қолданылды.
Іске қосу-баптау жұмыстарын Энергиямен жабдықтау дирекциясының мамандары жүргізді. Николай Костюченконың айтуынша, ауқымды жөндеу жұмыстары 105 күн ішінде аяқталған.
Негізгі тораптарды күрделі жөндеуден өткізу және жинау жұмыстары ТКЖЖ зауытында, ал экскаваторды құрастыру зауыттың экскаватор жөндеу цехының жөндеу алаңшасында жүргізілді. Жұмыстардың мерзімін қысқарту мақсатында тәулік бойы Канат Ахметжанов пен Виталий Полищук бастаған бригадалар тынымсыз еңбек етті. Жөндеу жұмыстарына экскаватор жөндеу цехының шеберлері: Андрей Рыбальченко, Валерий Маринов, Вячеслав Емельянов, сондай-ақ бригадир Андрей Ромасев басқарған экскаваторшылар ұжымы белсенді қатысты.
Экскаватор машинисінің кабинасы да жаңартылып, ауа баптағыш пен тоңазытқыш орнатылды. Осылайша экипаждың жұмыс істеуіне жайлы жағдай жасалды.
Жаңартылған экскаваторды іске қосу салтанатына «Богатырь Көмір» ЖШС-нің бас директоры Қайрат Рғайбек қатысты. Ол машинистерге сәтті әрі қауіпсіз жұмыс тіледі. Дәстүр бойынша, қайта пайдалануға берілген техникаға құрбандық шалынып, ұзақ әрі табысты қызмет жасасын деп бата берілді.