Қазақ тілі: Жаңа деңгей!
10.07.2025
«Богатырь Көмір» ЖШС-нің 2024–2025 оқу жылына арналған қазақ тілін оқыту курсы өз мәресіне жетті. Оқыту қазақ тілі оқытушысы Гауһар Боранбаеваның «Қазақ тілін үйренейік» атты жеке әдістемелік құралы мен өзге де оқу материалдары негізінде ұйымдастырылды.
Курсқа қатысушы Дмитрий Буданов өз ризашылығын былай жеткізді: «Ұстазымыз Гауһар Ақбөпеқызына алғысымызды білдіреміз, бізге мемлекеттік тілді үйретіп, жаңа белеске шығарды».
Сабақтар 9 ай бойы қатысушылардың жұмыс кестесіне икемделіп өткізілді. Бұл тәсіл өндірістен қол үзбей, оқу мен жұмысты қатар алып жүруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, курс барысында тыңдаушылар жыл бойы мерекелік және танымдық іс-шараларға белсенді қатысып, тілдік ортада еркін сөйлеу дағдыларын жетілдірді.
Оқу бағдарламасы аяқталған соң, курс түлектеріне мемлекеттік тілді табысты меңгергенін растайтын сертификаттарды жеке құрамды басқару бөлімінің бастығы Оксана Новикова табыстады.
«Бәрекелді! Дамып, тілді үйренуді жалғастырыңдар. Бұл – аса қажетті білім», – деп атап өтті Оксана Владимировна.
Ал Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің басшысы Манар Ерботина үйренген білімді бекітіп, қазақ тілінде жиі сөйлеу арқылы тілдік дағдыларды одан әрі дамытуға кеңес берді.