Жаңғырту және тиімділік

25.06.2025

«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Павлодар облысындағы компанияның энергетикалық нысандары – «Богатырь Көмір» ЖШС, Екібастұздың 1-МАЭС және 2-МАЭС станцияларына жұмыс сапарымен барды.

«Богатырь Көмір» ЖШС-де «Самұрық-Энерго» басшысы жылдың алғашқы бес айындағы өндірістік және қаржылық қызметінің қорытындылары туралы есепті тыңдады. Кәсіпорынның бас директоры Қайрат Рғайбек көмір өндіру қуаттылығын жылына 42 миллион тоннадан 58 миллион тоннаға дейін арттыру жөніндегі кешенді даму жоспарымен және циклдік-толассыз аршу кешені (ЦТАК) жобасының қазіргі жай-күйімен таныстырды.

Ал Екібастұздың 2-МАЭС-де Қайрат Мақсұтов станцияның қазіргі жұмысы, алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясындағы жөндеу науқанының өтуі, сондай-ақ «2-МАЭС-ті кеңейту және қайта құру, №3 және №4 блоктарды орнату» инвестициялық жобасының жүзеге асырылуы бойынша кеңес өткізді.

Келесі нысан – Б. Нұржанов атындағы Екібастұздың 1-МАЭС. Оның бас директоры Асан Наурызғалиев жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары және күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жаңа түтін мұржасы салынатын құрылыс алаңын қарап шықты. Бүгінгі таңда оның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жұмыстың өзі осы жылдың соңына қарай басталуы тиіс. Бұдан кейін «Самұрық-Энерго» басшысы 3-ші отын жеткізу кіргізімінің құрылысымен танысып, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.

Соңында энергетикалық нысандардың бірінші басшыларына бірқатар тапсырмалар берілді. Бұл ретте, алдағы жылыту маусымына дайындық аясындағы жөндеу науқанын уақтылы және сапалы жүргізуге, сондай-ақ станциялардың сенімділігі мен тиімділігін арттыру жөніндегі шараларға ерекше назар аударылды.

Сапар аясында Қайрат Мақсұтов Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекинмен де кездесті. Кездесу барысында станциялардың күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы талқыланып, Екібастұз өңірінде «Самұрық-Энерго» жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобалар таныстырылды.


Жаңалықтар тізіміне оралу