Мерейлі отбасы 2025

11.06.2025

Бүгін, 11 маусымда «Самғау» балалар шығармашылық орталығында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі өтті. Бұл байқауға ұжымымыздың ең үлгілі отбасыларының бірі — Тұрсынбаевтар отбасы қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Тұрсынбаевтар отбасының «Богатырь Көмір» ЖШС-дегі жалпы еңбек өтілі – 219 жылды құрайды. Отағасы – Сейфула Тұрсынбаев, «Богатырь Көмір» ЖШС Теміржол жабдықтарын жөндеу дирекциясының бас технологы, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің толық иегері, сондай-ақ ІІ және ІІІ дәрежелі «Шахтёр даңқы» белгілерімен марапатталған. Отанасы – Айгүл Тұрсынбаева, «Богатырь Көмір» корпоративтік қорының атқарушы директоры, «Богатырь Көмір» ЖШС Құрмет грамотасымен, ІІІ дәрежелі «Шахтёр даңқы» және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгілерімен марапатталған.

Отағасы мен отанасынан бөлек, кәсіпорында ұлы Фарид, қызы Даяна мен оның жұбайы Александр, келіні Гүлнәр да еңбек етуде. Байқауға Тұрсынбаевтар өз отбасыларын таныстыратын бейнеролик әзірлеп әкеліп, одан кейін өнер көрсетіп, көрермендер мен қазылар алқасының ыстық ықыласына бөленді.Сейфула мен Айгүл Тұрсынбаевтар — төрт баланың ата-анасы, жеті немере мен жиеннің атасы мен әжесі. Байқау сахнасында олар өздерін іргелі, берік әрі тату отбасы ретінде танытып, отбасылық құндылықтардың жарқын үлгісін көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша Тұрсынбаевтар отбасы қалалық кезеңнің бас жүлдесін жеңіп алды. Олар бірінші орынды иеленген Самотаевтар отбасымен бірге облыстық кезеңге жолдама алды. Тұрсынбаевтар отбасын жеңістерімен құттықтаймыз және алдағы байқауда да сәттілік тілейміз!


Жаңалықтар тізіміне оралу