Көмір өнеркәсібінің VI форумы
05.06.2025
Бүгін, 5 маусымда Астана қаласында Astana Mining & Metallurgy халықаралық тау-кен металлургия конгресі (АММ) аясында Көмір өнеркәсібінің VI форумы өтті.
Аталған форум — көмір саласындағы маңызды салалық іс-шаралардың бірі болып табылады және көмір өнеркәсібіне қатысты өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауға арналған тиімді диалог алаңы ретінде танылды.
Іс-шара барысында көмір өнеркәсібінің жетекші мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен халықаралық сарапшылар көмір саласын дамытудың жаһандық үрдістерін, инвестициялық мүмкіндіктерді, көмір химиясының болашағын және заманауи технологияларды кеңінен талқылады.
Форум аясында «Богатырь Көмір» ЖШС бас директорының инвестициялар, даму және IT-GR жөніндегі орынбасары Дәурен Асылханов «Энергетикалық көмірді тұтынушыларға жеткізуді жетілдіру» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштерімен таныстырып, көмір өндіру көлемін арттыру, көмір бағасын реттеу және саланың өзекті мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар форум аясында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Қуаныштысы — марапатталғандар қатарында біздің әріптестеріміз де бар.
• Артур Владимирович Квирин – БКЖБ №1 энергошаруашылық учаскесінің электрмеханигі – III дәрежелі «Шахтёр даңқы» белгісімен,
• Баймұрат Шеризатұлы Сағитов – «Богатырь» кеніші бұрғылау-жару жұмыстары учаскесінің бұрғылау қондырғысының машинисі – I дәрежелі «Шахтёр даңқы» белгісімен марапатталды.
Артур Владимирович бұл ведомстволық марапатты алғаш рет иеленіп отыр, ал Баймұрат Шеризатұлы – құрметті белгінің толық иегері атанды.
Марапат иелерін құттықтаймыз! Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңіз әріптестерге үлгі болары сөзсіз. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік, мықты денсаулық, табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз!