Бас муфти сапары
29.05.2025
Бүгін, 29 мамырда, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Екібастұз қаласына сапары барысында «Богатырь» кенішіне арнайы ат басын тіреді. Кеніштің әкімшілік-тұрмыстық кешенінде Бас мүфти кеншілермен Жұмысшы мамандықтар жылына орай «Еңбек — бейнет емес, зейнет» атты кездесу өткізді.
Кездесу барысында Наурызбай қажы: «Сіздердің еңбектеріңіз — адал еңбек, ал содан тапқан табыстарыңыз — қасиетті табыс. Ол табысты отбасыңыздың игілігіне жұмсау — үлкен сауап, қайырлы садақа болып есептеледі», – деп атап өтті.
Ол адал еңбек адамның абыройын арттырып, рухани тазаруына сеп болатынын айтты:
«Сіздер маңдай термен еңбек етіп, адал жолмен табыс тауып отырсыздар. Бұл — нағыз тыныш өмірдің кепілі», – деді Бас мүфти.
Кездесу барысында отбасылық құндылықтарды сақтау тақырыбы да қозғалды. Мүфти жастар арасында ажырасу жағдайлары жиілеп кеткенін айтып, бұл мәселеге діни тұрғыдан мән беруге шақырды. «Кей жастар қателікке бой алдырып, ажырасып жатады. Бірақ олар өмірдің күйбеңімен оны ұмытуы мүмкін, ал Алла ештеңені ұмытпайды», – деген тұшымды ойлар айтылды мінберден.
Наурызбай қажы жиналғандарды:
«Біздің дініміз – Ислам. Біз ата жолынан адаспай, дәстүрлі дінімізді берік ұстануымыз керек», – деп үндеді.
Сонымен қатар Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы атынан кеншілерге қажырлы еңбектері мен ел экономикасына қосып жатқан үлестері үшін алғыс білдірді.
Кездесуден кейін құрметті қонақ кеніштің көру алаңына барды. Мұнда «Богатырь Көмір» ЖШС-нің бас директоры Қайрат Рғайбек мейманды кәсіпорынның тарихымен, қазіргі жұмыс барысымен және болашақ жоспарларымен таныстырды.
Сапар соңында Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы бата беріп, компаниямызға өркендеу, еңбек ұжымына амандық, ел тыныштығы мен берекесін тіледі.