Музейге саяхат – үлкен таңдауға алғашқы қадам
18.05.2025
18 мамырда, бүкіл әлем Халықаралық музейлер күнін атап өтеді. Музейлер – мәдениеттер арасындағы көпір іспетті, олар арқылы әртүрлі жұрт бір-бірімен танысып, рухани қазыналарын бөліседі, өзара түсіністік пен бейбітшілікті нығайтады. Біздің компанияның да тарихы тереңде жатқан, сан алуан құнды жәдігерлер мен фотосуреттерді сақтаған өз музейі бар.
Осы айтулы күннің қарсаңында Екібастұз қаласының мектептерінен келген 50 оқушы «Богатырь Көмір» ЖШС-не ерекше саяхат жасады. Бұл сапар жасөспірімдердің көбісі үшін еліміздің ең ірі көмір өндіруші алпауытымен алғашқы бетпе-бет кездесуі болды.
Экскурсияның басы кеніштің әсерлі көрінісі ашылатын шолу алаңынан басталды. Оқушылардың көз алдында алып техникалар мен көмір қабаттарының кеңістігі жайылып салды. Бұдан кейін олар Оқу-курстық комбинатының ғимаратында орналасқан музейге ат басын бұрды.
Біріккен жастар қозғалысының төрағасы Анатолий Козлов экскурсияны қызықты әңгімелерге толы саяхатқа айналдырды. Ол оқушыларға компанияның қалыптасу тарихы, даму жолдары, өңір экономикасындағы көмір өндірісінің маңызы және кәсіпорын өндіретін өнім туралы айтып берді. Балалардың көздерінде қызығушылық оты жанып, олар Анатолийге өздерін толғандырған сұрақтарын қоюға асықты: кәсіпорында қанша адам еңбек етеді, жұмысшыларды жұмыс орындарына қалай жеткізеді, бүгінгі таңда қандай мамандықтарға сұраныс жоғары?
Кәсіпорын музейі мен шолу алаңы оқушыларға теңдесіз әсер сыйлады. Көпшілігі мұндай ауқымды нысандардың бар екенінен бейхабар болғандықтарын айтып, о олардың ауқымы мен ерекше еңбек тынысына тәнті болды.
Мұндай танымдық экскурсиялар жас ұрпаққа өндірістің ішкі құрылымын өз көздерімен көруге, еңбектің қадірін түсінуге, техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын оятуға, туған өлкесінің тарихымен тереңірек танысуға жол ашады.
«Богатырь Көмір» компаниясының музейін сақтауға және байытуға өлшеусіз үлес қосып жүрген барлық жандарды Халықаралық музейлер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен өткенге деген құрметтеріңіздің арқасында жас ұрпақ кәсіпорынның бай тарихымен танысып, оны мақтан тұта алады.