Естелік пен шеберлік турнирі
17.05.2025
Бүгін, 17 мамырда, «Богатырь Көмір» ЖШС-нің спорттық-сауықтыру кешенінің футбол алаңында Александр Николаевич Богураевты еске алу Кубогы үшін ардагерлер арасындағы шағын-футбол жарысы өтті.
Турнирдің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов: «Александр Николаевич қаламыздағы спорттық қозғалыстың басында тұрды. Осы спорттық-сауықтыру кешенінің, оның жанындағы футбол стадионының құрылысына бастамашы болып, кешеннің алғашқы директоры болды. Сондықтан осындай дәстүрлі турнирдің өтіп тұруы — қуантарлық жағдай», – деп атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа Ақсу қаласынан — «Ақсу», Екібастұз қаласынан — «Богатырь», «Восток», «Достық», «Жетпіс», «ҚТЖ» және Майқайың кентінен — «Металлург» командалары қатысып, екі топқа бөлініп ойындар өткізді.
Ереже бойынша, турнирде алғашқы екі орынға жүлде тағайындалды. Әр топтан бірінші орын алған екі команда финалда кездесіп, шешуші ойында бақ сынасты. Оның қорытындысы бойынша «Достық» командасы жеңіске жетіп, Кубокты иеленді. Ал «Металлург» командасы екінші орынға ие болды.
Сондай-ақ, жарыс барысында келесі ойыншылар жеке аталымдар бойынша марапатталды:
Шаки Әбенов («Металлург») – ең жасы үлкен ойыншы;
Құдайберген Тонтаев («Металлург») – үздік қорғаушы;
Мұрат Елеупов («Достық») – үздік шабуылшы;
Евгений Филичев («Достық») – үздік қақпашы.
Барлық қатысушыларға алғыс білдіреміз! Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді, сондай-ақ аталым иелерін шын жүректен құттықтаймыз!