Бірлігі жарасқан – Богатырь

29.04.2025

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Богатырь Көмір» ЖШС-нің құрылымдық бөлімшелері арасында байқау ұйымдастырылды. Оған қатысуға 6 өтінім келіп түсті. Қатысушылар елімізде тұратын түрлі халықтың ұлттық киімдерін, тағамдарын салт-дәстүрлерін көрсетулері тиіс болды.

Осыған орай құрылған комиссияны ең бірінші болып Энергиямен жабдықтау дирекциясының қарсы алды. Онда 13 ұлт өкілдері иық тіресе еңбек етуде. Солардың ішінде орыс, кәріс, татар және қазақ ұлттарының ұлттық киімдері мен тағамдары көрсетілді. Әр ұлттың қолөнер бұйымдарының экспозициясы ұсынылды. Сонымен қатар қазақтың баланы бесікке салу дәстүрі көрсетілді. Түрлі ұлт өкілдерінің орындауындағы «Қамажай» биі бұл көріністің шарықтау шегі болды деуге болады.

Оқу-курстық комбинаты (ОКК) кәріс ұлтының биімен қарсы алып, дастарханға кәріс халқының кимбап,меги-ча, хе, фуджу сияқты ұлттық тағамдарын қойды,. Бұл ұжым осы ел мәдениетіне тән дастархан безендіру стилін, ұлттық ыдыс-аяқ үлгілерін және тұрмыстық бұйымдарын көрсетті.

Тау-кен-көліктік жабдықтарын жөндеу (ТКЖЖ) зауытының металл құрылымдары учаскесінде қонақтарды шешен-ингуш биімен қарсы алды. Тау халықтарының жижиг-галнаш, сискал, мерза дуг, ахар-ховла, зоакаш сияқты ұлттық тағамдары, медзмотт шайы мерекелік дастарханға қойылды.

Богатырь жүк тиеу-көлік басқармасы өзбектердің қышлағы қойылымымен ерекшеленді. Театрландырылған көрініс өзбек биімен басталып, келін түсіру дәстүрімен жалғасты. Дастарханның ортасынан ошақта пісірілген өзбек палауы орын алды. Бұрқылдап қайнаған самаурыннан шай құйылып, осының бәрі өзбек әндерімен сүйемелденді.

«Богатырь» кеніші украин мәдениетінің болмысын ашты: нан мен тұз, өзенге жіберілген гүлтәждер. Ал дастарханға украин, татар, кәріс және қазақ халықтарының ұлттық тағамдары қойылды.

Славян халықтарының тағы бір өкілі – орыстардың шөп шабу науқанының аяқталуына

арналған мерекелік көрінісі Автобаза аумағында қойылды. Ортада шөмелеленіп

үйілген шөп тұрса, үстелде окрошка, квас және өзге де тағамдар болды.

Қазақстан халқы бірлігі күні байқау қорытындысы:

Бас жүлде – Богатырь жүк тиеу-көлік басқармасы

1 орын – Энергиямен жабдықтау дирекциясы

2 орын –Автобаза және «Богатырь» кеніші

3 орын – ОКК және ТКЖЖ зауыты (металл құрылымдары учаскесі)


Жаңалықтар тізіміне оралу