«Богатырь»-дің бес алыбы
10.04.2025
«Богатырь Көмір» ЖШС өндірісті жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдарын жалғастыруда. Кәсіпорынның техникалық паркі жүк көтергіштігі 180 тоннаға болатын бес бірлік Hitachi EH3500AC өзі аударғыштарымен толықты.
Осыған орай өткен салтанатты шара Технологиялық көлік басқармасының жүргізушісі Нұрқанат Ырыстың орындауындағы «Біздің елдің жігіттері» атты термемен ашылды.
Кәсіпорынның бас директоры Қайрат Рғайбек: «Жұмысшы мамандықтарының жылында пайдалануға берілетін бұл жаңа техника біздің қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік беріп, өндірістік үдерістердің қарқынын арттырады. Бұл тек компания үшін ғана емес, бүкіл Қазақстанның көмір өнеркәсібі үшін маңызды үлес», – деп атап өтті.
Компанияның іскерлік серіктестігі «Eurasian Machinery» ЖШС тау-кен өндіруші дивизионының вице-президенті Мехмет Эмин Арпарслан екі кәсіпорын арасындағы әріптестік нығайып келе жатқанын және Hitachi техникасына тәулік бойы сервистік қызмет көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.
«Екібастұз» мешітінің наиб имамы Төлеген Құсайынов дұға оқып, бата беріп, құрбан шалу рәсімін өткізсе, Ивер-Серафим шіркеуінің басшысы Игорь Попов өз діни жоралғыларын орындады.
Салтанатты рәсім барысында «Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры Қайрат Рғайбек пен «Eurasian Machinery» ЖШС-нің тау-кен өндіруші дивизионының вице-президенті Мехмет Эмин Арпарслан дәстүрлі лентаны қиып, жаңа Hitachi EH3500AC карьерлік автотүсіргіштерін ресми түрде пайдалануға берді.
Жаңа техника Технологиялық көлік басқармасының тәжірибелі әрі білікті 20 жүргізушісіне табысталды. Солардың бірі — экипаж бригадирі Нұрғали Шайзадинов — көрсетілген құрмет пен жауапкершілік үшін алғыс білдіріп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге әзір екендерін жеткізді.
Технологиялық көлік басқармасының басшысы Еркебұлан Жүнісов атап өткендей, құрылымдық бөлімшенің карьерлік автотүсіргіштер жыл ішінде 104 млн тонна тау-кен массасын тасымалдауды жоспарлап отыр және оны орындауда жаңа техниканың маңызы зор. Соңында айтарымыз, бұл өзі аударғыштар аршу жұмыстарына тартылатын болады.