Өмірлік маңызды дағдылар

09.04.2025

9 сәуір күні Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай «Өндірісте зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша үздік команда» атты сайыс ұйымдастырылды.

Сайысқа «Богатырь» кеніші, Богатырь жүк тиеу-көлік басқармасы, Теміржол жабдықтарын жөндеу дирекциясы және Көмір нарығы мен сату дирекциясынан әрқайсысы екі қызметкерден құралған бес команда қатысты.

Бірінші кезеңде қатысушылар «Медициналық жәрдем көрсету» тақырыбы бойынша теориялық тапсырмаларды орындады. 40 сұрақтан тұратын тестті шешуге 30 минут уақыт берілді. Бұл бөлімде қатысушылардың медициналық білім деңгейі бағаланды.

Екінші кезең – практикалық жаттығу. Мұнда әр командаға жеке тапсырмалар әзірленіп, қан кетуді тоқтату, сүйектің ашық және жабық сынуына таңғыш салу, жасанды тыныс алу және жүрекке жанама массаж жасау сияқты маңызды әрекеттерді орындау тапсырылды.

Бағалау барысында комиссия мүшелері қатысушылардың:

• жедел әрекет ету қабілетін,

• командадағы үйлесімділігін,

• көмек көрсету кезегінің сақталуын

• тапсырмаларды орындау жылдамдығын мұқият бақылап отырды.

Бұл сайыс – тек жарыс қана емес, әр қызметкердің қауіпсіздік мәдениетіне деген көзқарасын қалыптастыратын маңызды алаң.


Жаңалықтар тізіміне оралу