Дәстүрге толы – Наурыз
22.03.2025
Екібастұз – Наурыз мейрамын кең ауқымда атап өтті. Мерекенің көңілді, шырайлы өтуіне «Богатырь Көмір» ЖШС-нің ұжымы да өз үлесін қосты.
Бұл күні ірі көмір өндіруші кәсіпорын 12 және 8 қанатты киіз үй құрды. Келген әрбір қонақты богатырлық дәстүрлі ән орындаушылар қарсы алды. Қоғамдық тамақтану комбинаты қызметкерлерінің күшімен Жыл басы – Наурыз мейрамына орай 120 литр Наурыз көже мен 1000 адамға арналған дәмді тағамдар дайындалып, қала тұрғындары мен қонақтарына таратылды.
12 қанатты киіз үй құрақ көрпелер, бөстектер, кілемдер мен түскиіздермен безендірілді. Ортада ошақ орнатылып, келін қазанда ас әзірлесе, бір бұрышта әжесі немересіне бесік жырын айтып отырды. Богатырь жүк тиеу-кеөлік басқармасының «Ударная» станциясының пойыз құраушысы Айдарбек Ахантаев – он саусағынан өнер тамған шебер. Оның ағаштан жасалған түрлі бұйымдары жиналған қауымның ерекше қызығушылығын тудырды.
Биыл Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, жауынгер-панфиловшы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы аталып өтілуде. Осыған орай 8 қанатты киіз үй арнайы безендірілді. Келушілерге «Артымызда Мәскеу» фильмі ұсынылып, сонымен бірге соғыс жылдарының фотосуреттері қойылды. Осы жерде жауынгер-панфиловшылардың ерлік жолын да тамашалауға мүмкіндік болды. Сыртта Бауыржан Момышұлының өсиет сөздері жазылып, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың фотосуреттері мен ерліктері туралы деректер орналастырылды.
Келген жұрт төрт түлік малымыз – жылқы, ірі қара мал, қой-ешкі, түйені көруге мүмкіндік алды. Этноауылда жеті қазынамызға енетін қыран бүркіт пен құмай тазы да болды. Бұдан басқа, жүн сабаған, жіп иірген, қаймақ былғаған апалар ауылдық тұрмыстың көрінісін шынайы бейнеледі.
Наурыз мейрамының сәнін «Богатырь Көмір» кеншілері өз өнерлерімен әрледі. Әсем әндер шырқалып, жиналған көпшілік көтеріңкі көңіл-күйге бөленді.
Осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шара өз нәтижесін берді. «Богатырь Көмір» ЖШС орнатқан киіз үйлер қалалық «Ең үздік киіз үй» байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Осыған орай компания басшысы Қайрат Рғайбек: «Сіздерді Наурыз мерекесімен және киіз үйлер байқауында бас жүлдені жеңіп алуымызбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – баршаңыздың еңбектеріңіздің жемісі. Акционерлеріміздің және өз атымнан алғысымды білдіремін. «Богатырь Көмір» жасай берсін!» – деп құттықтау сөзін жеткізді.
Бас жүлде мен Наурыз мейрамы құтты болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!