Үздік этноауыл
18.03.2025
«Этноауыл» корпоративтік байқауының жеңімпаздары анықталды
Бүгін байқау комиссиясының мүшелері сайысқа қатысуға өтінім берген барлық құрылымдық бөлімшелерді аралап шықты.
Темір жол жабдықтарын жөндеу дирекциясының рельс-шпал торлары цехында қонақтарды домбыраның күмбірлеген күйімен, шашумен қарсы алып, отқа піскен ет, палау, бауырсақ және басқа да ұлттық тағамдар ұсынды. Дастарқан иелері қазақ және орыс тілдерінде асқа бата беріп, игі тілектерін айтқан соң, қонақтар дәм татты. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлері ұйымдастырылды: қызметкерлер асық атып, арқан тартты.
Богатырь жүк тиеу-көлік басқармасының қызметкерлері қазылар алқасын ұлттық нақыштағы ағаштан жасалған тұрмыстық бұйымдармен таң қалдырды. Ағаш шебері дәстүрлі қазақ ыдыстарын әдемі оюлармен өрнектеп қолдан жасапты. Қазылар алқасының мүшелері күйшінің тартқан күйін тыңдап, наурыз көже, бауырсақ және құрттан дәм татты.
«Богатырь» кенішінің әкімшілік-тұрмыстық кешенінің фойесінде барлық қатысушылар мен қонақтарға хош иісті ет, қымыз және басқа да ұлттық тағамдар ұсынылды. Өнерлі қызметкеріміз домбырамен белгілі қазақ күйлерін орындап, баршаны мерекемен құттықтады. Кеніш ұжымы олардың киіз үйі нағыз керегеден жасалғанын, ал шай самауырға қарағай бүрімен қайнатылғанын атап өтті.
Биыл Технологиялық көлік басқармасында ұлттық дәстүр — тұсау кесер рәсімі ұйымдастырылды. Сәбидің алғашқы қадамдары жиналғандардың жүрегін тебірентті. Бай дастарқан жайылған сәнді киіз үйдің жанында ұлттық киімдегі қазақ батырлары тұрды.
Автобаза да өзге бөлімшелер секілді қонақтарды шашумен қарсы алды. Автокөлік жүргізушілері домбырашының орындауындағы жар-жармен беташар рәсімін өткізді. Олардың киіз үйінде қазақтың дәстүрлі тұрмыстық бұйымдары — торсық, садақ, ер-тұрман және қамшы қойылған.
«Этноауыл» байқауының қорытындысы:
Бас жүлде — Технологиялық көлік басқармасы (ТКБ)
1 орын — «Богатырь» кенішінің ұжымы және Темір жол жабдықтарын жөндеу дирекциясы (ТЖЖЖД)
2 орын — Автобаза
3 орын — «Богатырь» жүк тиеу-көлік басқармасы (БЖКБ)
Барлық қатысушыларға ұлттық дәстүрлерді қастерлеп, байқауға жоғары деңгейде дайындалғандары үшін алғыс айтамыз!