Наурызға арналған доп додасы
16.03.2025
Наурыз мейрамына орай спорттық-сауықтыру кешенінде шағын футболдан жарыс өтті. Турнирге құрылымдық бөлімшелердің 14 командасы қатысып, өзара мықтыларын анықтады. Жеребе тартылғаннан кейін алғашқы айналым ойындары басталып кетті.
Мерекелік турнирдің ережесіне сәйкес, тек алғашқы екі орынға ие болған командалар ғана марапатталды. Сонымен қатар, әр ойында жеңімпаз анықталуы тиіс болды. Егер негізгі уақыт тең есеппен аяқталса, жеңімпаз пенальти сериясы арқылы анықталды. Жеңілген команда жарыс жолынан шығып, ал жеңгені келесі айналымға жолдама алды. Осы себепті әрбір кездесу финалға татитын нағыз тартысты әрі қызықты өтті.
«Қақпашы – ол жарты команда» деген ұғым бар. Бұл турнир дәл осыны тағы бір мәрте дәлелдеді. Қақпашылар өз шеберліктерін көрсетіп, көптеген қауіпті соққыларды қайтара білді. Олардың әрбір керемет сейві мен сенімді ойыны жанкүйерлердің қызу қолдауына ие болды.
Александр Антоненко – «Аршу кешені» командасының қақпашысы. Ол тек қақпасын қорғап қана қоймай, ойынға белсенді араласып, қарсыластар қақпасына голдар да соқты.
«Осымен екінші турнирге қақпашы ретінде қатысып жатырмын. Қолымнан келгенше тырысып бағудамын. Қарсыластар осал емес, барлық командалар өте мықты. Турнир жоғары деңгейде өтіп жатыр, – деді ол.
Ақтық кездесуде «Ударная» ЖҚД (жылжымалы құрам депосы) және БЖЖУ (бұрғылау-жару жұмыстары учаскесі) командалары жолықты. Соңғы ойын болғандықтан, екі команда да жеңіске деген құштарлықтарын көрсетіп, алаңның әр бөлігінде тартысты күрес жүргізді. Нәтижесінде, «Ударная» ЖҚД командасы қарсыластарын 2:0 есебімен жеңіп, турнир жеңімпазы атанды. Ал БЖЖУ командасы жүлделі екінші орынға иеленді
Тартысқа толы, қызықты ойын көрсеткен барлық командаларға алғысымызды білдіреміз! Жеңісті ойындар көп болсын!