Рамазан және ізгілік

12.03.2025

Наурыздың 12-де Екібастұз қалалық мешітінде қасиетті Рамазан айына орай «Богатырь Көмір» ЖШС атынан ауызашар ұйымдастырылды. Ізгі шараға кәсіпорынның ораза тұтқан қызметкерлері мен ардагерлері шақырылды.

 Көмір өндіруші компания бұл игі дәстүрді жыл сайын жалғастырып келеді. Биылғы ауызашар дастарханына 250 адам жиналды. Қалалық мешіттің бас имамы Нұрсейіт Омаров жамағатқа діни уағыз айтып, ораза ұстаудың маңыздылығы мен сауабы жайлы баяндады. Сонымен қатар, марқұмдарға Құран бағыштап, дұға жасады. Бас имам мешітке тұрақты түрде қайырымдылық көмек көрсетіп жүрген «Богатырь Көмір» кәсіпорнына ризашылығын білдірді. «Рамазан айында ауыз бекіткен жамағатқа ауызашар ұйымдастырып отырған «Богатырь Көмір» басшылығына шынайы алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, серіктестік әрдайым мешітке қолдау көрсетіп, сауапты істерге үлес қосып келеді. Бұл игі істері үшін де алғысымыз шексіз», – деді Нұрсейіт Әбдімтәліұлы. Өз кезегінде кәсіпорын ардагері Теміржан Жанисов та жылы лебізін білдіріп, компанияның өсіп-өркендеуіне тілек білдірді. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Келер жылғы Рамазан айында аман-есен жүздесуді Алла нәсіп етсін!


Жаңалықтар тізіміне оралу