Америкада балық аулады
04.03.2025
«Богатырь» кенішінің №3 өндіру жұмыстары учаскесінің электромеханигі АҚШ-та өткен мұз астынан балық аулау бойынша Әлем чемпионатынан оралды. Мичиган штатының Гранд-Рапидс қаласында өткен жарысқа 10 елден 56 балықшы қатысты. Чемпионат әрбірі үш сағатқа созылған екі турда өтті.
Бірінші турда Роман Ткачук үздік нәтижелердің бірін көрсетіп, өз секторында алғашқы ондыққа кіріп, екінші орын алды. Дегенмен, жалпы жарыс қорытындысы бойынша екібастұздық кенші 56 кәсіби балықшының ішінде 18-ші орынға ие болды. Осы жарыстағы оның жеке рекорды – 3 903 грамм балық.
Роман үшін ерекше есте қалған жайттардың бірі – қазақстандықтар үшін сирек кездесетін балық түрлері: ай балық, көкжелбезекті күнбалық, краппи, басс және қазақстандық алабұғадан ұзындау әрі ашық түсті алабұға. Сонымен қатар, чемпионаттың ерекше қонақжайлықпен өткен ашылу салтанаты да айрықша әсер қалдырған.
– Америкалықтар мұны өте әсерлі ұйымдастырды. Олар көлге іргелес жатқан бүкіл қаланы жауып тастады. Гранд-Рапидстің барлық тұрғындары бізді құшақ жая қарсы алды. Біз орталық алаңмен жүріп өттік, әрбір команда үшін өз елінің Әнұраны ойналды, – деп өз әсерімен бөлісті Роман.
Жас балықшы әлемдік деңгейде Қазақстан құрамасының сапында екінші рет сынға түсіп отыр және бұл спорт түрінде өз шеберлігін одан әрі шыңдауға ниетті. 11 наурызда Роман ел біріншілігіне қатысады. Бұл жарыста 2026 жылы Швецияда өтетін Әлем чемпионатына қатысатын үздік балықшылар анықталмақ.
– Швециядағы Әлем чемпионаты мен үшін үшінші әлемдік сын болады, ал біздің команда бұдан да жоғары нәтиже көрсетеді деп үміттенемін, – деп өз мақсатын айтты Роман Ткачук.