Даму жоспары талқыланды
28.02.2025
«Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Екібастұз энергетикалық торабына жұмыс сапарымен барды. Оның басшылығымен «Богатырь Көмір» ЖШС-де көмір өндіруші кәсіпорынның қызметіне арналған өндірістік кеңес өтті.
Жиында өндірістік бағдарламалардың орындалуы, жөндеу және аршу жұмыстары талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша 2032 жылға дейінгі «Богатырь Көмір» ЖШС даму бағдарламасын әзірлеу, «Богатырь» және «Северный» кеніштерінің өндірістік қуатын арттыру, қолданыстағы тау-кен көлік жабдықтарын жаңғырту, сондай-ақ аршу жұмыстарын ұлғайту жобаларын іске асыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Келесі нысан Екібастұз 1-МАЭС болды. «Самұрық-Энерго» басшысы Қайрат Мақсұтов №1 түтін мұржасын салу, үшінші отын жеткізу жүйесін іске қосу бойынша жол картасының орындалу барысымен танысып, №4 энергоблогының генератор роторын бөлшектеу жөніндегі ағымдағы жөндеу жұмыстарын тексерді.
Жөндеу жұмыстарының мерзімі мен сапасына, сондай-ақ станцияның сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған шараларға ерекше назар аударылды.