Тіл байқауының үздіктері

10.02.2025

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында 10 ақпанда «Өнер» ҚМС-да «Менің тілім – Ұлы дала рухы» байқауы өткізілді. Оған «Богатырь Көмір» ЖШС-де еңбек ететін этнос өкілдерінен құралған «Рухты кеншілер» командасы да қатысты.

Байқаудың алғашқы кезеңі «Сөздің көркі – мақал» деп аталды. Онда қатысушылар Отан, елге қызмет тақырыптарындағы мақал-мәтелдерді айтудан жарысты.

Екінші «Жұлдызды сәт» кезеңінде командалар өз өнерлерін көрсетті. Бұнда богатырьлықтар «Ассалаумағалейкум» әнін орындап, халыққа сәлем беріп, көрермен қошеметіне ие болды.
«Ұшқыр сұрақ, ұтқыр жауап» деп аталынған үшінші кезеңде қатысушылар қойылған сұрақтарға жылдам әрі дұрыс жауап беру керек болды. Онда да әріптестеріміз сүрінбеді.

Қазылар шешімі бойынша компаниямыздың намысын қорғап байқауға қатысқан «Рухты кеншілер» командасы бірінші орынды жеңіп алды. Команда мүшелері Алексей Каблученко, Евгений Ефимов, Юлия Митаишвили және Екатерина Гончарова кәсіпорнымыздағы қазақ тілін үйрену курсына былтырғы күзден бастап барып жүр.

Осы байқау олардың қазақ тілін айтарлықтай меңгергенін көрсетті. Бұл тіл додасына олар мемлекеттік тілді дамыту және қолдану тобының басшысы Манар Ерботинаның басшылығымен дайындалды.

Командамызды лайықты жеңісімен құттықтаймыз!