100 жасаған әже
08.01.2025
Бүгін, көмір өнеркәсібінің ардагері Стельмах Александра Иосифовна 100 жылдық мерейтойын атап өтуде.
Ғасыр жасаған әжемізді «Богатырь Көмір» корпоративтік қорының атқарушы директорының орынбасары Айгүл Тұрсынбаева кәсіпорын, корпоративтік қор атынан құттықтап 100 мың теңге ақшалай сыйлықты тарту етті. «Богатырь Көмір» ЖШС қызметкерлерінің «Бірыңғай кәсіподақ» БКҰ төрағасы Марат Қадауов гүл шоқтарын табыстап игі тілектерін білдірді.
Александра Иосифовна Ресейдің Новосібір облысында дүниеге келген екен. Соғыс жылдарында тылда ұжымшарда жұмыс жасаған, Украинаны қалпына келтіруге атсалысқан. 1959 жылы Екібастұз қаласына қоныс аударды, осында Западный кенішінде жол бұрушы болып жұмыс істеуді бастаса, кейін оқу курстарын аяқтағасын бекет бойынша кезекші болып еңбек етіп, станция бойынша кезекші лауазымынан 55 жасында зейнеткерлікке шыққан.
Соғыс жылдарындағы және кейінгі еңбектері елеусіз қалмады. Жеңістің 65 жылдығы және 70 жылдығы мерейтойлы медальдарымен, Еңбек ардагері медалімен марапатталды. 3 баланы дүниеге әкеліп, олардан 3 немере, 3 шөбере сүйіп отырған Стельмах Александра Иосифовнаға денсаулық, жайлы өмір тілейміз.