Қайырымдылық-игі іс
31.12.2024
Жылдағыдай биылғы жыл да қайырымды істерге толы болды. Қайырымдылық әрдайым кәсіпорынның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі болуда және басқаларға қамқор болып, жылулық сыйлай алатынымызды мақтан етеміз.
Осындай қайырымдылық көмектің бірі Ақкөл ауылындағы Исабек ишан мешітіне көрсетілді. «Богатырь Көмір» ЖШС-нің бас директоры Николай Корсаковтың бұйырығына сәйкес бұл діни мекемеге 40 тонна көмір берілді. Осылайша жамағаттың қыстың суығында жылы, жайлы жерде құлшылық жасауға мүмкіндік жасалды.
Ақкөл ауылындағы Исабек ишан мешіті 2000 жылы салынып, пайдалануға берілді. Жалпы ауданы 260 шаршы метр.
- Ризамыз, жыл сайын өтінішімізге құлақ асып, қайырымдылық көмек ретінде сұраған көмірімізді беріп отырады. Ол үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. «Богатырь Көмір» өркендеп, дами берсін – деген ілтипатын білдіруде жамағаттың атынан Исабек ишан мешітінің имамы Қабдылкәкім Қожахметов.
Қабдылкәкім Қаббарұлының сөзінше алынған көмірдің бір бөлігі Ақкөл ауылдық округіне қарасты Зеленая роща ауылындағы мешітке жеткізілген. Осындай жақсы істер біз үшін болашақта басқа да игі шараларды жүзеге асыруға шабыт беретін болады.