Ең алдымен қауіпсіздік

20.12.2024

2024 жылдың 20 желтоқсанында өндірістік қауіпсіздікке арналған ІІ форум өткізілді. Оған «Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, Көшбасшылар клубының мүшелері, белсенді қызметкерлері және шақыртылған сарапшылар қатысты.

Алғашқы болып сөз алған бас директор Нколай Корсаков: -  Форумның мақсаты біздің

Компанияда қауіпсіз жұмыс істеуді кеңінен насихаттап, танымал ету.  Біздің жағдайда еш жарақатсыз, қауіпсіз, жайлы, қауіпсіздік ережелерін бұзбай отырып өз өмірің мен денсаулығыңды сақтап жұмыс істеуге болатынына мен сенімдімін. Бірақ, әркім өзінен бастауы керек, – дегенді айтты.

Сонымен бірге кәсіпорын басшысы кез келген қызметкер берілген тапсырманы орындау кезінде өмірге немесе денсаулыққа қауіп төндіретін тәуекелдерді байқаса, жұмысты тоқтатуына қақы бар екенін атап өтті.

Өндірістік қауіпсіздік жөніндегі басқарушы директор Төлеген Максилов еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі саласында атқарылған жұмыстармен таныстырып, келер жылғы жоспарларымен бөлісті.  Сонымен бірге ол қауіпсіз өндірісті қамтамасыз ету үшін әрбір басшы үлгі көрсету керек екеніне аса мән берді. Оған қоса осы бағытта қызметкерлерді  мотивациялау еңбек қауіпсіздігін ұстап тұрудың маңызды бөлігі екенін айтты. Төлеген Максиловтың айтуынша оқытулар мен тренингтер өткізу де еңбек қауіпсізідігін сақтауда ерекше орын алуда. Биыл 2,5 мыңнан астам адам «Еңбек қауіпсіздігінің мәдениеті» тақырыбы бойынша оқып шыққан.

Форум барысында тартқыш агрегатының машинисті Андрей Нарыжный, Богатырь ЖКТБ басшысы Ағыбай Покатаев қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, осы бағыттағы көшбасшылық және басшылардың жауапкершілігі рөлі жөнінде өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.

Қауіпсіздік мәдениеті жөніндегі кеңесші Асхат Ералиев «Адами фактор қауіпсіздікке қалай әсер етеді, қауіпсіздік мәдениетіне әр қызметкердің тартылуы неге маңызды?» тақырыбында дәріс оқыды.

Жиын соңында Компания бас директоры Николай Корсаков «Қауіпсіздік өндіріс» ААЖ-нің белсенді қолданушыларын марапаттады. Бұл жерде үшінші орын Автобазаның автокөліктерді жөндеу жөніндегі слесарі Николай Киселёвке бұйырды. Оған 100 мың теңге ақшалай сыйлық берілді. Екінші орынға Богатырь ЖКТБ тартқыш агрегатының машинисті Виктор Зуй лайық деп танылыпты және ол тұрмыстық техника алуға 300 мың теңгенің сертификатына ие болды. Ал тартқыш агрегатының машинисті Андрей Нарыжный 500 мың теңге құнына сай келетін туристік жолдамаға ие болып бірінші орын алды. Сонымен бірге оларға және өндірістік қауіпсіздікте белсенді болған топ қызметкерлерге алғыс хаттар табысталды.

Форумды қорытындылаған Николай Корсаков осындай кездесулер дәстүрлі түрде өтетінін және еңбекті қорғау жүйесінде белсенділікті жоғарылату керектігін атап өтті.


Жаңалықтар тізіміне оралу