Кеншілермен кездесу

19.12.2024

Желтоқсанның 19-да «Богатырь Көмір» ЖШС кеншілерімен Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин кездесті. Ондағы мақсат көміршілерді толғандырып жүрген көкейтесті сұрақтарына жауап беру.

Компания қызметкерлері кезекпен шығып өз сұрақтарын қойды. Олардың негізі коммуналдық мәселелерге арналды. Оның ішінде аулаларды аббаттандыру, жаяу жолдар салу, жарықтандыру туралы сұрақтар қойылды.

Аян Уахитұлының айтуынша қаланы аббаттандыру жұмыстары жалғасуда. Соның ішінде көпқабатты үйлердің 120 ауласын аббаттандыру кезегін күтуде, осы мақсатқа келер жылы 2 млрд. тг қаржы қарастырылған екен. Оған 70-80 ауланы аббаттандыру көзделуде. Сонымен бірге 2024 жылы 10 км. жаяу жол төселген. Жарықтандыруға келсек, бүгінде бұл жобаның ІV-кезеңі жүзеге асуда. Соның аясында 68 көшеге жарық тарту көзделген, оның 30-на биыл жарықтандырылды. Мәшһүр Жүсіп көшесі 126 мекенжайындағы үй ауласындағы есік-терезесі үңірейіп тұрған балалар бақшасы мемлекет меншігіне алыныпты, бәрі жақсы болса онда инклюзивті мектепке дейінгі мекемесі ашылмақшы. Осы күні қойылған сұрақтардың басым көпшілігіне осы жерде жауап берілді, қалғандары бақылауға алынды.

Богатырьлықтардың барлық сұрақтарына жауап берген қала басшысы Аян Бейсекин:

– «Богатырь Көмір» кәсіпорны шаһар тұрғындарының өмір сүруін жақсартуға

белсенді атсалысуда, сіздердің еңбектеріңіздің арқасында Қазақстанның бүкіл энергетикалық жүйесі тұрақты жұмыс істеуде, өңіріміз бен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жатқан үлестеріңіз бағасыз. Жаңа жылдық мереке қарсаңында сіздерге мықты денсаулық тілеймін, келер жылға қойған жоспарларыңыз толығымен орындалсын! – деген алғыс, тілегін айтып кездесуді аяқтады.


Жаңалықтар тізіміне оралу