БОГАТЫРЛЫҚ ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ ҚҰЛАКӨЛДЕ
07.12.2024
Желтоқсан айының басы құлакөлдіктер үшін көңілді басталды. Қыстың аязды күніне қарамастан ауыл тұрғындарының жандарына жылу сыйлап, «Рухты елге махаббатпен» атты концертік бағдарламасымен қаламыздағы ең ірі көмір өндіруші кәсіпорындардың бірі «Богатырь Көмір» компаниясының өнерпаздары келді.
Көмірлі кәсіпорында қызмет ететін әр саланың қызметкерлері ән шырқап, би билеп, залда жиналған көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өзге ұлт өкілдерінің ана тілімізге деген құрметтерін рухтана, шабыттана шырқалған әндерінен байқауға болады: «Ассалаумағалейкум» әнін шырқаған Оксана Кобзарь, Ольга Дюко, Ирина Бахтоярова; Ольга Губарева мен Арина Щербаченяның өнер сүйер қауымға тәттілерден шашу шашумен сыйлаған «Дастархан» әні; «Ақ маржан» әнін орындаған Артем Муфтахутдинов; «Егемен Қазақстан» мен «Қазақ елі» әндерін шырқаған алтын дауыс иесі Ирина Бахтоярова; «Армандастар, құрдастар», «Шудың бойында» әндерімен көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлаған Инесса Аряшева мен Оксана Кобзарь; «Жаса, Қазақстан!», «Қазақ елі осында»! әндері Марина Рандей мен Ольга Губареваның орындауында шырқалды. Богатырлық жұлдыз Дархан Төлеубаев өзінің еліне деген ризашылығын «Рахмет саған, туған ел!», «Қазақ елі!» әндерімен шебер жеткізе білді. Ал, ұлттар достығын паш ететін Арина қызымыз тәжік, авар, қазақ билерін мың бұрала билеп, халық қошеметіне бөленгені сөзсіз. Құлакөл ауылдық мәдениет ошағының киелі сахнасында богатырлық өнерпаздармен шырқалған әрбір ән көрермендер жүрегіне жылу ұялатқаны сөзсіз. Темір жол ауылдық округінің әкімі Ерлан Қасеналин Көшпелі концертпен келген богатырлықтарға ризашылығын жеткізіп, аталмыш іс-шараны ұйымдастырушы Манар Ерботинаға Алғыс хат табыс етті. Ал богатырлықтар, өз кезегінде, қонақжайлылық танытқан ауылдық клуб меңгерушісі Гүлнәр Қадырқызына өз тараптарынан ерекше алғысын білдірді.
Әсем ән тыңдаған көрермен де риза, ауыл адамдарының риясыз көңіліне келген қонақтар да риза. Осылай іс-шара ерекше шабытпен аяқталды.