Еңбегімен құрметтелді
05.12.2024
Қараша айының 21-де «Богатырь Көмір» ЖШС-нің ардагері, Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері Жұмабекова Гүлсім Әбілқайырқызы 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Ол «Бұл сізбен біздің ғұмырнамамыз» жобасының кезекті кейіпкері.
Гүлсім Әбілқайырқызы Екібастұздың тумасы, әкесі Әбілқайыр Кәрішевтің еңбек жолы түгелдей көмір өнеркәсібімен байланысты. Сондықтан болар, алғашқы мамандығы ұстаз болғанына қарамастан, әкесінің ізін басып 1981 жылы осы салаға жұмысқа тұрған.
- Мен жұмысқа тұрған кезде «Экибастузшахтострой» комбинаты деп аталынды, дренажды шахтасы учаскесінде көтеру машинасының машинисті болып кірдім, кейін комбинат «Богатырь Көмір» құрамына енді. Алғашқы кезде бір қызық оқиға болды, көтеру машинасы істемей қалды, сосын диспетчерге хабарластым, ол болса «Қазір мен Пушкинді жіберемін»-деп айтты. Қайдағы Пушкин, мені алдап отыр ғой деп ойладым, біраздан кейін тағы хабарластым «Айттым ғой, Пушкинді жіберемін»-деп диспетчер өзіме айғай салды. Сөйтсем, слесарьдің тегі Пушкин екен, сондай қызық болған – деді күлімсіреп Гүлсім Әбілқайырқызы.
Көтеру машинасы машинистінің басты міндеті шахтаға адамдарды, вагонеткаларды, қосалқы бөлшектерді түсіріп, қайта алып шығару, бұдан басқа тау-кен жыныстарын жер үстіне шығару. Міне, осы жұмыста Гүлсім Жұмабекова 2012 жылы зейнеткерлікке шыққанша 32 жыл еңбек етіпті. Гүлсімнің жұбайы, марқұм Көшербай Жұмабеков «Богатырь Көмір» кәсіпорнында көлік жүргізушісі болып еңбек еткен. Бүгінде балалары да богатырьлықтар, ұлы Серік «БелАЗ» ауыр жүк көлігінің жүргізушісі, қызы Жанаргүл Әбікенова арнайы киім қоймасында меңгеруші.
- Зейнеткерлікте болсам да, «Богатырь Көмір» ұмытпайды, Шахтер күні, Қарттар күні және тағы басқа мерекелерге шақырып отырады, туған күнімде хабарласып құттықтайды. Әрдайым назарда ұстайды – деп ризашылығын білдіріп, әңгімесін аяқтады көмір өнеркәсібінің Құрметті қызметкері.