Ардагер спортшылар турнирі

30.11.2024

Бүгін, қарашаның 30-да «Богатырь» кенішінің құрылғанына 54 жыл толды. Осыған байланысты ардагерлер арасында волейбол мен шағын футболдан турнир өткізілді. Оған Богатырь кешені және Солтүстік кешені командалары қатысты.

Дәстүрлі турнирдің салтанатты ашылуында «Богатырь» кенішінің директоры Серік Саттаров

- Бүгінгі күн «Богатырь» кенішінің мерекесі ғана емес, бүкіл Компанияның мерекесі. Сондықтан барлықтарыңызды, әсіресе ардагерлерімізді құттықтаймын-дегенді айтты

Алдымен волейболшылар бақ сынасты. Богатырь кешені командасы алғашқы партияның басында алға шыққанымен, ортасына қарай есеп 12:12 болып теңесті. Партияның соңына дейін екі команда бір-бірін алысқа ұзатпай үстағанымен, 27:25 есебімен богатырьлықтар басым түсті. Екінші партияның басында Солтүстік кешені ойын тізгінін өз қолында ұстағанымен, ортасына қарай қарсыластары жетіп алып, бұл жолы да 25:18 есебімен ұтты. Сөйтіп жалпы есепте 2:0 есебімен Богатырь кешені жеңіске жетті.

-Соңғы 10 жылдай тұрақты өткізіп келеміз бұл турнирді, осы жолы 40 жастан екі адамды қостық, негізгі құрам 45 жастан асқан спортшылар. Жыл сайын тек «Богатырь» кеніші қызметкерлері қатысатын, биыл тау-кен жабдықтарын жөндеу дирекциясы, Богатырь жүк-тиек-көлік басқармасы қызметкерлері қосылды-деп атап өтті спорттық-сауықтыру кешені басшысы Валентина Титаренко.

Бұдан кейін алаңда шағын футболдан кездесу өтті. Тартысты өткен ойынның бірінші бөлігінде екі команда бір-бірінің қақпасынан саңлау таба алмады. Бірақ, екінші таймда Богатырь кешені командасы ойыншылары қарқындарын арттырып, қарсыластар қақпасына жауапсыз төрт доп салды.

Турнир қорытындысы бойынша екі команда ойыншылары өздеріне тиесілі дипломдармен, медальдармен марапатталды.


Жаңалықтар тізіміне оралу