Ардагер теміржолшы
22.11.2024
«Бұл бізбен сіздің ғұмырнамамыз» деп аталынған жобаның кезекті кейіпкері көмір өнеркәсібі ардагері, Шахтер даңқы белгісінің толық иегері Аманжол Халимоллаұлы Нұрғалиев еңбек өтілінің 32 жылын «Богатырь Көмір» компаниясында өткізді. Еліміздің батысында дүниеге келгенімен өмір ағынымен 1985 жыл Екібастұзға қоныс аударған.
Осында Богатырь жүк тиеу-көліктік басқармасына темір жол жөндеушісі болып жұмысқа тұрыпты.
-1985 жылы мен жұмысқа тұрғанда Богатырь ЖКБ-да Богомяков Михаил Петрович бастық болып істейді,өтінішімді оқып, басқа құжаттарымды қарап шыққасын қабылданды деп қол қойды. Сөйтіп темір жол жөндеушісі болып жұмысымды бастадым-деп еске алады ардагер теміржолшы.
Біраз жылдан кейін ұйымадастырушылық қабілетін байқаған басшылар оны бригадир қылып тағайындайды, одан кейін жол шебері болып жұмысын жалғастырады. Қолында тек көлік жүргізуші куәлігі бар Аманжол Нұрғалиев 43 жасында қазіргі Екібастұз политехникалық техникумына оқуға түсуіне тура келді, сөйтіп үш жылдан кейін теміржолшы мамандығын алып шықты.
-2011 жылы «Богатырь» кенішіне ауыстым. Онда да абыройлы еңбек еттім. Жалпы «Богатырь Көмір» кәсіпорнында істеген жылдарымда бүкіл басшылармен тіл табысып еңбек еттім, ешкіммен сөзге келмеппін. Соған ризамын-дейді Аманжол Халимоллаұлы.
Құрметті еңбек демалысында болса да Компания назарда ұстап, елеп отыратынына алғысын білдірді сөзінің соңында Шахтер даңқының толық иегері.