Богатырьге экскурсия

07.11.2024

Екібастұз қаласында «Үздік дәстүрлерден — болашақ технологияларға» атты қосымша білім беру ұйымдары басшыларының республикалық үйлестіру кеңесі өткізілді. Соның шеңберінде оқушыларға кәсіптік бағдар беруге, техникалық мамандықтарды насихаттауға және қаланың қала құраушы кәсіпорындарының болашақ кадрлық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған «Қаланы басқаруға оқушылардың қатысуы» атты шара ұйымдастырылды.


Сонымен бірге шара қатысушылары мен  мектеп оқушылары үшін  «Богатырь Көмір» ЖШС-не экскурсия  ұйымдастырылды. Олар алдымен тау-кен-көліктік жабдықтарын жөндеу зауытының жұмысымен танысты. Механик Ирина Кравченко зауыт құрамында  бірнеше учаскелер және цехтар жұмыс істейтінін, олардың немен айналысатыны жөнінде айтып берді. Қонақтарды тау-кен өндіру техникаларының үлкен бөлшектері, көпірлік крандарда жұмыс істейтін қыз-келіншектер таң қалдырды.  Осыған орай туындаған сұрақтардың барлығына Ирина Александровна толық жауап берді.

Кезекті нүкте оқу-курстық комбинаты. Оның басшысы Любовь Шарипова комбинаттың жұмысы жөнінде қысқаша мағлұмат берді.  Келушілер  «Богатырь Көмір» қауіпті өндірістік объект болғандықтан тәуекелділікті төмендетуге қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы сұрақ қойды.

Бұған Любовь Викторовна: -Компаниямызда «қауіпсіздік мәдениеті» түсінігі кеңінен енгізілген, еңбек қауіпсізідігі мен қауіпсізідк техникасына қатысты сабақтар тұрақты түрде өткізіліп тұрады, қызметкер өзі атқаратын жұмыс қауіпті, тәуекеліділік деңгейі жоғары екенін байқаса, жұмысты орындаудан бас тартуға құқылы-деп жауап берді.  

Бұдан кейін экскурсияға қатысушылар «Еңбек даңқы» экспозициялық залында болып, Екібастұз көмір кен орнының ашылу тарихы, «Богатырь Көмір» компаниясының қалыптасуы мен дамуы жөнінде мағлұмат алды. Басқа өңірлерден келген ұстаздар тәулік бойы көмір өндіретін кәсіпорын жұмысымен танысып үлкен әсер алғандарын айтып, экскурсия үшін ризашылықтарын білдірісті.


Жаңалықтар тізіміне оралу