Құрметке лайық

01.11.2024

Екібастұз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқандары үшін Екібастұз қаласының Құрметті азаматы атағын алғандардың арасында «Богатырь Көмір» ЖШС бас директорының орынбасары-өндіріс жөніндегі директоры Серік Жұматайұлы Макаров та бар. Бұл құрметті атақпен бірге берілетін төсбелгіні Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин табыстады.

-Көпшілік сізге құрметпен қарайды, сіздей тәжірибесі мол адамның ақыл-кеңес бізге керек. Мінсіз еңбек етіп, мамандығыңызға адал болдыңыз.  Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық тілейміз,-деп игі тілегін білдірді Аян Уахитұлы.

Серік Жұматайұлы Рудный индустриалды институтын аяқтағасын 1984 жылдың 22 тамызында Екібастұзға келген еді. Содан бері көмір өнеркәсібінде еңбек етіп, кәсіби шеберліктің барлық сатыларынан өтті.

-Менің еңбегімді қаламыз жоғары бағалағанына қуаныштымын, биыл Екібастұзға келгеніме 40 жыл болды. Содан бері жұмыс орнымды өзгертпей, «Богатырь Көмір» ЖШС-де қызмет етудемін. Назарға алып, қолдап жатқандарыңыз үшін алғыс айтамын,-деп ілтипатын білдірді Серік Макаров.

Серік Жұматайұлы «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған, «Шахтер даңқы» белгісінің толық иегері.  «Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері» деген атағы да бар, енді міне Екібастұз қаласының Құрметті азаматы атанды. Құттықтаймыз!


Жаңалықтар тізіміне оралу