Кешегі энергетик-бүгін ұстаз
18.10.2024
Екібастұз көмір кен орнының игерілгеніне биыл 70 жыл толып отырғаны белгілі. «Бұл сізбен біздің ғұмырнамамыз» жобасы осы айтулы датаға арналып отыр. Ал оның кейіпкерлері жетпістің желкенін керген ардагерлеріміз. Соның бірі Мұрат Ахметов қыркүйектің 28-де өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтті.
Кеңес әскерлері қатарындағы қызметін абыроймен атқарып келген Мұрат Мұқышұлы бастапқы жылдары Екібастұз жылу электр орталығында екі жылдай еңбек еткен. Кейін әкесінің кеңесі бойынша жоғарғы оқу орнында энергетика мамандығы бойынша білім алып, 1981 жылы жылу электр орталығына қайта оралып, 9 жыл жұмыс істеді. Шығыс кеніші қолданысқа енгізілген кезде сонда жұмысқа шақырылып 1990 жылға дейін еңбек еткен. Одан соң «Богатырь Көмір» ЖШС-не ауысты. Көмір өндірісіне енгізілген жаңа технологиялардың енгізілуіне куә болып, олардың іске асуына белсенді атсалысты. Энергомеханикалық қызметтің электромеханигі ретінде 17 жыл жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты.
«Шахтер даңқы» белгісінің толық иегері Мұрат Ахметов құрметті еңбек демалысына шыққасын өзінің көпжылғы тәжірибесімен, білімімен жастармен бөлісті. Қаламыздың колледждерінің бірінде ұстаздық етті, бүгінде жұмысшы мамандықтарын дайындайтын, біліктіліктерін көтеретін оқу орталығында шәкірт дайындауын жалғастыруда.