Күзгі кросс
12.10.2024
Бүгін, қазанның12-де Республика күніне арналып «Богатырь Көмір» ЖШС-нің бастамасымен Күзгі кросс жарысы ұйымдастырылды. Оған Серіктестік қызметкерлерінен басқа қаламыздың кез келген тұрғыны қатысуға мүмкіндік алды.
Оқушылар, студенттер, жұмысшылар, зейнеткерлер. Олардың бәрін осы күні жүгіріске, спортқа деген сүйіспеншілік жинады.
-Республика күніне арналған жарысқа қатысушыларға табыс тілеймін. Спорт біздің өмірдегі серігіміз. Жастар спортта да, еңбекте де алда болсын- деген тілегін айтты 66 жастағы төтенше жағдайлар қызметінің ардагері Жүсіпбек Жарқынбеков жарыс басталмас бұрын.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты жарыстың өтетін орны және жүгіріс қашықтықтары өзгертілді. Күзгі кросстың өзі Шахтер стадионында өткізілді. Футбол алаңын айнала жүгірген ерлер 3 км, әйелдер 2 км қашықтықты артқа тастады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер жас аралықтарына қарай анықталып дипломдармен, медальдармен, ақшалай жүлделермен марапатталды. Жарысқа компания қызметкерлері мүше болатын кәсіподақ ұйымдары демеушілік жасады.