Полигонда әскери борышын өтеді
22.09.2024
1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасының сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы бойынша Семей ядролық полигоны ресми түрде жабылды. Бұған дейін 40 жыл бойы ядролық қарудың сынағы жүргізілді. Оның салдарынан адамдардың денсаулығына орасан зиян тисе, Семей аймағы экологиялық апат аймағына айналды.
Ядролық сынақтарды жүргізуге мыңдаған адамдар тартылды. Олардың арасында Ерекше тәуекел бөлімшелерінің қатарында мерзімді әскери міндеттерін атқарған жас сарбаздар да болды. Соның бірі «Богатырь Көмір» ЖШС-нің Автобаза жүргізушісі Темиргалиев Валерий Суюшұлы 1985-1987 жылдары аралығында зениттік-техникалық зымыран базасында әскери қызметін өткізген.
- Біздің әскери бөлім Семей ядролық сынақ полигонынан алыс орналасқанына қарамастан, жарылысты қатты сезінетінбіз, жер қозғалатын еді. Үйге қайтардың алдында 1 ай шамасында нақты ядролық полигонда болып, әскери қызметімізді атқардық-деп еске алады Валерий Темиргалиев.
Елімізде жұмыс істеп жатқан «Ерекше тәуекел бөлімшелерінің ардагерлер мен мүгедектер кеңесі» қоғамдық бірлестігі Семей ядролық полигонының жабылғанына 33 жыл толуына орай Валерий Суюшұлын «Ерлігі үшін» және «Ядролық қаруды қолдану жағдайында ұрыс қимылдарына қатысушыға» медальдармен марапаттап, Алғыс хат жіберген екен. Бұл марапаттар салтанатты түрде табысталды. Валерий Темиргалиев Ресейде туылғанымен, балалық шағын Батыс Қазақстанда өткізген. Екібастұзға 1988 жылы комсомолдық жолдамамен келген екен. Ал 1990 жылдан бері «Богатырь Көмір» ЖШС-де көлік жүргізушісі болып еңбек етуде.