Білек күші мықтылар Әлем кубогы иегерлері
21.09.2024
Пауэрлифтингтің ұлттық қауымдастығы Қарағанды қаласында 2024 жылдың 14-15 қыркүйек күндерінде спорттың күштік түрлері бойынша «Алтын батыр» Әлем кубогы жарысын өткізді. Оған Үндістан, Грузия, Украина, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан білек күші мықты спортшылар қатысқан екен. Олардың арасында «Богатырь Көмір» ЖШС қызметкерлері де болды.
«Богатырь» кенішінің 1-өндіру жұмыстары учаскесінің экскаватор машинистерінің бригадирі Александр Змазнев бала кезінде еркін күреспен айналысса, бүгінде пауэрлифтингті өзіне ермек қылып жүр. «Алтын батыр» Әлем кубогы жарысына қатысып 4 жаттығу түрі бойынша жарысқа түскен екен. Оның бәрінде білек күштілігін байқатып, бірінші орын алыпты. Екі жаттығу бойынша Қазақстан және әлем рекордын орнатып келді.
Евгений Ивашкин Богатырь ЖКБ «Ударная» жылжымалы құрам депосының тартушы агрегат машининисті. Компанияда 7 жылдан бері еңбек етіп жүр. «Алтын батыр» Әлем кубогы жырысына Евгений Ивашкин 4 жаттығу түрі бойынша қатысып, барлығында жеңімпаз атанды. Жаттығудың үш түрінде Қазақстан рекордын орнатса, бір жаттығу бойынша өзі орнатқан әлем рекордын жаңартыпты.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Александр Змазнев, Қазақстанның спорт шебері Евгений Ивашкин кезекті жарыстарына дайындықтарын бастап кетті. Оның өзі биылғы қараша айында болады деп күтілуде. Жұмыспен спортты қатар алып жүрген кеншілердің жеңісті жарыстары көп болсын.