Білім күніне сыйлықтар
01.09.2024
1 қыркүйекте мектептерімізде алғашқы қоңырау соғылып жаңа 2024-2025 оқу жылы басталады. «Богатырь Көмір» ЖШС жылдағы дәстүр бойынша Білім күні қарсаңында балаларға тамаша сый жасады.
Сабаққа қажетті барлық оқу құралдары бар мектеп сөмкесі «Богатырь Көмір» корпоративтік қорында есепте тұрған мүмкіндігі шектеулі 47 балаға берілген екен. Тағы 32 мектеп сөмкесі компания еңбеккерлерінің бірінші сыныпқа баратын балаларына сыйға тартылды. Айта кетуіміз керек бұл балалар көпбалалы отбасыларда тәрбиеленуде.
Сонымен бірге №7 гимназия мектебінің 21 оқушысына қайырымдылық көмек көрсетілді. Оларға да оқу құралдары бар мектеп сөмкелері берілді.
«Богатырь Көмір» ЖШС мамандар дайындауда Қосым Пішенбаев атындағы тау-кен-техникалық колледжімен әлеуметтік серіктес ретінде тығыз байланыс орнатқан. Аталмыш орта арнаулы оқу орны өндірістік ғимаратының ағымдық жөндеу жұмыстары үшін 2,5 млн теңгеге жуық қайырымдылық көмек сұраған екен. Және ол өтініштері қанағаттандырылып, сұраған қаржы беріліп, жоспарланған жұмыстар атқарылды.
Барлық оқушыларды Білім күнімен құттықтаймыз! Оқуда табысты болыңыздар, сапалы білім алып биіктен көрініңіздер!