Алпыстың асқарына шыққан балуан
28.08.2024
«Богатырь Көмір» ЖШС-нің ардагер спортшысының бірі Теңдік Сильев. Ол «Богатырь» кеніші теміржол кешенінің 1-көтергіш көлік жабдығы учаскесінің кран машинисі болып 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өндірістік жетістіктерімен бірге, спорттағы жеңістерімен аты шыққан компанияға жұмысқа тұрысымен күреске қайта оралып, жаттығуларын бастаған.
Бала кезінде қаламыздың құрметті азаматы, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Владимир Панасенкодан тәлім алған Теңдік Қабдығалымұлы 5 жылдың ішінде ардагерлер арасында дзюдо күресінен екі дүркін Қазақстанның чемпионы болып үлгерді. Бұдан басқа дзюдо және самбо кұрестері бойынша ел біріншілігінің күміс және қола жүлдегері атанған.
Екібастұз кеншілері Шахтер күнін мерекелеп жатқанда балуанымыз Алматы қаласында ардагерлер арасында қазақ күресінен болған Қазақстан чемпионатына қатысты. Ұлттық спортымыз қазақ күресі бойынша ел біріншілігіне алғаш қатысқан богатырьлік кран машинисі 60 жастан жоғары санатында 60 келі салмақ дәрежесінде белдесіп күміс медальге қол жеткізді. Алпыстың асқарынан асқан Теңдік Сильев үшін бұл тамаша жетістік. Сонымен бірге Шахтер күні мерекесіне жасалынған жақсы сыйлық.
Алда болатын құрылықтық, әлемдік чемпионаттарға қатысуға ниет білдіріп отырған ардагер спортшы кез келген құрметке, қолдауға лайық.