Білек күшімен әлемді бағындырды
27.08.2024
«Богатырь Көмір» ЖШС өз қызметкерлерінің спортпен айналысуына қолайлы жағдайлар жасауда. Соның арқасында спортшыларымыз республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда лайықты өнер көрсетуде.
«Богатырь» кенішінің теміржол кешені краншысы Тахир Ильясов. Ол жақында ғана армрестлигтен әлем чемпионы атанып келді. Бұл дүбірлі дода Молдова елінің астанасы Кишинёв қаласында тамыздың 15-і мен 25-і аралығында өтіпті. Қазақстанның құрама командасы 250-ден астам спортшы апарған екен. Айта кетуіміз керек жарыс жеткіншектер, ересектер, ардагерлер және пара-спортшылар арасында өтті.
Біздің Тахир Ильясов 50-60 жастағылардың арасында Grand master санатында жарысқа түсті. Ол жарысқан 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 8 адам чемпиондыққа таласқан. Бұған дейін ел біріншілігін жеңіп, сары құрылық Азияны бағындырған жерлесіміз, бұл жолы да қарсыластарын бірінен соң бірін жеңіп алтын медальды қанжығасына басты.
Тахир Ильясовтың бұл сапарын «Богатырь Көмір» ЖШС қаржыландырып, көмек берді. Сонымен қатар спорттық-сауықтыру кешенінде осындай ірі жарыстарға дайындалуға да жағдай ойластырылғанын атап өткен жөн. Тахир Ильясов үш күнде бір, екі сағаттан жаттығу жасаймын дегенді айтты.
Тағы бір тоқталатыны 45-ші әлем чемпионатынан еліміздің құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алып қайтқан екен. Отандық қол күресінің өкілдері бұл тізгінді төртінші жыл қатарынан ешкімге бермеуде. Бұған «Богатырь Көмір» ЖШС-нің краншысы Тахир Ильясовтың да қосқан үлесі зор.