Таң қалған жапондықтар

26.08.2024

Бүгін, тамыздың 26-да «Богатырь Көмір» ЖШС Жапонияның Акита университеті студенттерін қарсы алды. Елімізге Назарбаев Университетімен тәжірибе алмасу мақсатында келген студенттер тау-кен ісі мамандығы бойынша білім алуда. Ал компаниямызға келу мақсаттары көмірді ашық тәсілімен өндіретін Қазақстандағы ең ірі «Богатырь» кенішінің жұмысымен танысу.

Шетелдік қонақтар шолу алаңшаларында болып кеніштің алыптығына таң қалды. Олар көмір өндірісімен жақынырақ танысу мақсатында кенішке де түсті. Бұнда шөмішті және роторлы экскаваторларының жұмысы жайында машинистерден мағлұмат алды.

Студенттерді бастап келген қазақстандық жас ғалым Акито университетінде магистратурада оқып, енді докторантурада білімін шыңдап  жүрген Данияр Малғаждар аудармашы қызметін атқарды.

 Сағатына 5000 тонна көмір артатын алпауыт роторлы экскаваторды көріп, теміржол вагондарына көмір артудың куәсі болған жапондық студенттер таң қалыстарын жасырмады.

Сондықтан компаниямыздан үлкен әсер алып қайтты деп сеніммен айтуға болады. «Богатырь Көмір» ЖШС көптеген жоғары оқу орындармен байланыс орнатқан. Алдағы уақытта өндірістік практикадан өту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум Назарбаев Университетімен жасалмақшы.


Жаңалықтар тізіміне оралу