Оқу құралдары сыйлыққа берілді
22.08.2024
«Богатырь Көмір» компаниясының іскерлік серіктестігі «Florida property LLP» ЖШС кәсіпорын директоры Таубаев Дәурен Тілеуқұлұлы атынан жаңа оқу жылы қарсаңында қайырымдылық шара өткізуді жөн көріпті. Соның шеңберінде серіктестікте еңбек етіп келе жатқан көп балалы қызметкерлердің 30 баласына оқу құралдары табысталды.
Оның құрамында мектеп сөмкесінен басқа қажетті керек-жарақтардың барлығы бар.
«Әр отбасыда балалар өсіп келе жатыр. Біздің осындай істерімізді көріп, балалар қайырымдылық пен жақсылық жасауға үйренсін, сонымен бірге жақсы оқып ата-аналарын қуантсын»-деп атап өтті Дәурен Тілеуқұлұлы.
Аслан Такишев Технологиялық көлік басқармасында 2 жылдан бері слесарь болып жұмыс істеп жүр. Жұбайы Сәулемен бірге 11 бала тәрбиелеп өсіруде. Үлкені жоғары білім алып жатса, 7 бала орта білім алуда, соңғы үш бала мектепке дейінгі жаста. Осы күні Такишевтардың үш оқушысына оқу құралдары берілді.
Ерлі-зайыпты Медет және Марал Естаевтардың екеуі де «Богатырь» кенішінде еңбек етеді. Отбасыларында 5 бала өсіп келеді, осы күні олардың 1 қыз баласы сыйлық алды.
Автобазаның жөндеу шеберханасының слесары Юнос Галиулин де 5 баланың әкесі, оның ішінде егіздер Самир мен Сабинаға оқу құралдары берілді.
Балалары үшін мектепке қажетті керек-жарақтарын алған ата-аналар қайырымдылық шараны ұйымдастырушыларға, компания басшылығына алғыстарын білдіріп, істері берекелі болсын деген тілек айтты.