Ғұламалар мерейтойы

17.08.2024

16-17 тамыз күндерінде Павлодар облысында  академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, қазақ ғалымы Әлкей Марғұланның 120 жылдығы, жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығы, режиссер, КСРО халық әртісі Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар өткізілді.

Негізгі мерейтойлық шаралар Баянауыл ауылы мен Мойылды шатқалында ұйымдастырылды.  Оған  ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов қатысты. Салтанатты шараны ашқан Мәжіліс Спикері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. «Сәтбаев мұрасы-ұлтымыздың бірегей қазынасы. Оның еңбектерін дәріптеу-біздің ортақ міндетіміз. Қаныш Сәтбаев салған жол қазіргі қазақстандық ғылымда жалғасын табатынына сенімдімін»-деп жазылған президент хатында. Мойылды шатқалында облысымыздың қалалары мен аудандары, көптеген кәсіпорындары мен ұйымдары 100-ден астам киіз үйлер тікті.  Олардың арасында «Богатырь Көмір» ЖШС-нің  екі киіз үйі де болды. Ғұламалардың мерейтойына арналып құрылған богатырьлік киіз үйлерді тігуге компания жұмыскерлері атсалысты.  Шараны тамашалауға барған Екібастұздың құрметті азаматтарын бас директордың орынбасары Мирхат Мұсанап қарсы алып, игі тілектерін білдірді. Мерейтойлық шараға өз елімізден басқа Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің өкілдері, актерлар, мерейтой иелерінің ұрпақтары,  олардың жұмыстарын зерттеушілер қатысты. Жиналған халық сонымен бірге халықаралық қол өнершілер жәрмеңкесін, Павлодар суретшілері жұмыстарының көрмесін, республикалық ақындар айтысын, қазақ күресін, ат спорты жарыстарын, мерекелік концерт тамашалады.


Жаңалықтар тізіміне оралу