Жүргізушілер байқауы
09.08.2024
Екібастұз қаласы тұрғындарының бас мерекесінің бірі Шахтёр күні қарсаңында «Богатырь Көмір» ЖШС-нің құрылымдық бөлімшелері арасында «Мамандығы бойынша үздік» байқауы жалғасуда. Соның кезектісі 2024 жылдың 9-тамызында Автобаза көлік жүргізушілерінің арасында өткізілді. Бұл шараға қатысқан 34 адам жеңіл, жолаушылар, жүк автокөліктері арасында үздіктерін анықтасты.
Байқаудың шарты бойынша қатысушылар алдымен 15 сұраққа ауызша сұраққа жауап берді. Одан жоғары ұпай алып шыққан 16 адам екінші практикалық бөлімге қатысуға мүмкіндік алды. Олардың арасында 20 жыл бойы көлік басқарып жүрген Надежда Чуприна да болды. Айта кетуіміз керек ол байқаға қатысушылардың ішіндегі жалғыз нәзік жанды. Соған қарамастан ер азаматтармен қатар өнер көрсетті.
Практикалық бөлімде жүк автокөлігінің жүргізушілері бірінші болып жарыс жолына шықты. Олар ирелең жолмен өтіп, айналма жолды артта қалдырды. Одан кейін гаражға көлігін қою тапсырмасын артпен жүріп орындады. Бұдан соң «баскетбол» ойнады. Яғни, артып алынған доптарды белгіленген жерге төгу қажет. Және құр төгіп қана қоймай, арнайы қойылған автошиналардың ортасына дәл түсіруге тырысты. Әрбіл дәл түскен допқа қосымша бір балл берілді. Одан соң темір жол өткелі мен көпірді өтулері керек болды.
Олардың артын ала жолаушылар және жеңіл автокөліктерінің жүргізушілері кезекпен сынға түсті. Бұл бөлімде олар иерелең және айналма жолдардан, сегіздіктен өтіп барып гаражға көлікті қойды, бұдан соң темір жол өткелін, көпірді артқа тастады. Тапсырмаларды орындау барысында көлік жүргізушілерінің жол жүру ережесін сақтауы да ескерілді.
Жарысты қорытындыласақ жүк автокөлігі жүргізушілерінің арасында №4 автоколонна өкілі Төлеген Сәбиев жеңімпаз атанса, автокөлік басқармасының және №3 автоколонна жүргізушілері Алтынбек Жүнісов пен Владимир Зорин екінші мен үшінші орындарға жайғасты. Жолаушы тасымалымен айналысатын көлік жүргізушілерінің арасында №4 автоколонна жүргізушісі Виктор Бишлер биіктен көрінсе, оның автоколонна бойынша әріптестері Қанат Мауенов пен Жанәділ Абдуахитов кейінгі екі орынды бөлісті. АКЦ-3 жүргізушілері Азат Шалбаев пен Рашит Мурзаханов жеңіл автокөлік жүргізушілерінің арасында бірінші мен екінші орын алса, АКЦ-1 №2 автоколонна өкілі Максим Капель жүлделі үшінші орынға қанағаттанды.