Қазақ халқының ұлы перзенті
13.08.2023
Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдық мерейтойы осы күндері ақын, ойшылдың туған жері Баянауыл өңірінде кеңінен аталып өтті.
Мерекелік бағдарлама аясында Ескелді шатқалында үш күн бойы «Көкпар» ат спорты ойынынан тартысты жарыстар өтіп, Баянауылда аудандық мәдениет үйінің сахнасында жыршылар мен термешілер арасында "Көне ғасыр күмбірі" республикалық байқауына қатысушылардың орындауында фольклорлық туындылар шырқалды, ал ақындық шешендік өнерде белгілі ағартушының мерейтойына арналған айтысқа жиналған атақты ақындар айтысқа түсті. Қазақ халқының біртуар перзентінің құрметіне арналған негізгі мерекелік шаралар өткен сенбіде өтті. Жиналған қауым Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесіне барып, еске алу дұғасына қатысты, одан кейін мемориалдық мұражай экспозициясымен танысты. Іс-шаралар бағдарламасы жалғасын тапты: «Мәшһүр жол» аудиокітабының және «Таңдамалы шығармалар жинағы» 10 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері, Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әртістерінің, облыстың, қала мен аудандарының шығармашылық ұжымдарының, «Көне ғасыр күмбірі» байқауы финалистерінің өнер көрсетулері мен республикалық ақындар айтысы, павлодарлық суретшілер көрмесі, өзбек және қырғыз қолөнершілерінің бірегей қолөнер бұйымдарын ұсынған Халықаралық Орталық Азия жәрмеңкесі, тазы тұқымының иттері мен бүркіттер көрмесі, қазақша күрестен тартысты жарыстар, «Топ бәйге» және «Аламан бәйге» ат жарыстары, халықтың сүйікті ойыны «Көкпар» .
Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығына арналған мерекелік шара қонақтарын ел Президентінің атынан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов құттықтады. Мәшһүр Жүсіп Көпеев тұлғасының жан-жақтылығын Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов сөйлеген сөзінде атап өтті. Шараға «Богатырь Көмір» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары – қаржы директоры Асылхан Қадырбаев пен бас директордың орынбасары Мирхат Мұсанап қатысты.
Дала философының мерейтойына орай киіз үйлер тігіліп, үлкен мерекелік дастархан жайылды. Сондай-ақ қонақтарды Екібастұз қаласының атынан тігілген киіз үй иелері де қарсы алды. Киіз үйлердің тақырыптық безендірілуіне «Богатырь Көмір» кәсіпорнының мамандары да белсене ат салысты. Қазақ халқының материалдық мәдениеті мен сәндік-қолданбалы өнерінің үлгілері киіз үй ішіне көрік берді, оған кіре берісте қонақтар Мәшһүр Жүсіп өмірбаянынан қызықты деректермен таныса алды.
«Богатырь Көмір» ЖШС баспасөз қызметі.