Екібастұз әкімі кеншілердің сұрақтарына жауап берді
23.09.2022
Бүгін Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің «Богатырь Көмір» ұжымымен кездесуі кеніштің әкімшілік-тұрмыстық кешенінің акт залында өтті.
Кездесу басында қала басшысы есепті баяндама арқылы өтетін қалыпты форматта емес, оны «сұрақ-жауап» түрінде өткізуді ұсынды. Айта кету керек, кеншілер мерзімі жеткен жағдайлар туралы айтты. Мәшһүр Жүсіп, 151 мекенжайы бойынша орналасқан үй тұрғындарының атынан «Богатырь» кенішінің №3 электрлендіру учаскесінің аға электр механигі Қайрат Садықов сөйледі.
Оның айтуынша, жертөлені мезгіл-мезгіл су басқан магистральдық құбыр олардың үйі үшін нағыз апат болып отыр. Жылу желілерінің өкілі түсіндіргендей, қазіргі уақытта аталған учаскедегі жарылулар жойылды, ал күрделі жөндеу 2023 жылға жоспарланған. Осы жауапқа пікір білдіре отырып, әкім қаланың жылу желілерінің тозуының жалпы деңгейі бүгінде 80%-ды құрайтынын атап өтті. Кездесуде ЖЭО-ның алдағы жылыту маусымына дайындығы да назардан тыс қалмады. Қала басшысының айтуынша, қазіргі уақытта қазандық агрегаттарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде, жұмыс барысы тұрақты бақылауда. Сонымен қатар, ЖЭО мен жылу желілерінің жағдайын тексеру бойынша республикалық комиссия құру туралы шешім қабылданды. Техникалық аудит қорытындысы бойынша жылу орталығының алдағы жұмысы туралы шешім қабылданады. «Қалай болғанда да, біз қаланы жылусыз қалдырмаймыз», – деп сендірді Аян Бейсекин.
Кездесуде орамішілік аумақтарды абаттандыру мәселелері де талқыланды: 279 ауланың тек 30%-ы ғана тиісті қалпына келтірілген, қалғандары өз кезегін күтуде. Екібастұзды дамытудың Кешенді жоспары аясында биыл 25 ауланы, келесі жылы тағы 25 ауланы абаттандыру жоспарланған. Бұл жұмыс жалғасын табады.
Көшелер мен аулаларды жарықтандыру, тротуарларды жайластыру, бағдаршамдар, қоқыс контейнерлерін орнату, жолдарды асфальттау және жалпықалалық дренаж жүйесінің құрылысы – барлық осы бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр деді қала басшысы.
Қала билігі «Шахтер» мәдениет және демалыс саябағын қайта жаңғыртуды, көпфункционалды спорт орталығын салуды жоспарлап отыр.
Кездесуді аяқтай отырып, қала әкімі кеншілерге Инстаграм арқылы немесе жеке қабылдауға жазылу арқылы өздерін толғандыратын мәселелермен әрдайым жүгіне алатынын еске салды.
«Богатырь Көмір» ЖШС-нің баспасөз қызметі.