Павлодар облысының Экологиялық кеңесінің отырысы
28.04.2022
Бүгін «Богатырь Көмір» ЖШС-нің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешовтің төрағалығымен «Өндіріс қалдықтарын басқару туралы» тақырыбында Павлодар облысы экологиялық кеңесінің көшпелі отырысы өтті.
Шараға қатысушыларды компания басшылығы атынан бас директордың орынбасары Мирхат Мұсанап қарсы алды. Жиын барысында Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев, «Невада-Семей» ӘДП Павлодар филиалы төрағасының орынбасары Юрий Павленко, облыстық экология департаментінің басшысы Ілияс Құрамысов, «Экологиялық технологиялар саласындағы құзыреттілік орталығы» ЖШС директоры Ахан Өмірбек баяндама жасады. Қатысушылар күл мен қож қалдықтарын өңдеу мәселесін талқылап, осы мәселені шешуге қатысты өз көзқарастарымен бөлісті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов қорытындылады. Айтылған пікірлерді ескере отырып, күл-қож қалдықтарын қайта өңдеу бойынша пилоттық жобаларға гранттар бөлу тұжырымдамасын әзірлеу, сондай-ақ осы мәселеде әлеуетті инвесторлармен ынтымақтастық туралы ұсыныстарды хаттамаға енгізу туралы шешім қабылданды.
Айта кету керек, көшпелі отырыс аясында қатысушылар «Богатырь» кенішінің көру алаңын, Б.Нұржанов атындағы «Екібастұз МАЭС-1» ЖШС және «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ-нда болды.
«Богатырь Көмір» ЖШС–нің баспасөз қызметі.