Республика бойынша үздік отбасы
10.09.2021
Богатырлық Мыңбаевтар отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпазы атанды. Бүгін Павлодарда атақты кеншілер әулетін марапаттау рәсімі өтті.
Бүкіл ел бойынша байқаудың облыстық кезеңдерінің 17 лауреатына құрмет көрсету бейнеконференцбайланыс арқылы бір мезгілде өтті. Рәсім Қазақстанда 12 қыркүйекте атап өтілетін Отбасы күніне орайластырылды. Кездесуге қатысушыларға Республиканың Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев сөз сөйлеп, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
– Біз әрбір қазақстандық отбасында келісім, бақыт және амандық ахуалы орнағанын қалаймыз. Сондықтан мен отбасылық саясатқа ерекше назар аударамын. Отбасы институты өскелең ұрпақтың бойында адамгершілік, парасаттылық, еңбексүйгіштік, патриотизм сияқты қасиеттерді қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Біздің халқымыз барлық уақытта жастарға қолдау көрсетіп, жөн сілтеген. Жаһандану жағдайында біздің дәстүрлі рухани құндылықтарымыз қазіргі қазақстандық қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы маңызды. Бұған Отбасы күніне орайластырылған жыл сайынғы жалпыұлттық конкурс айтарлықтай үлес қосуда, - делінген Президенттің құттықтауында.
Барлық өңірлердегі ұлттық байқау лауреаттары сияқты Мыңбаевтар отбасы да жүлде ретінде 5 миллион теңгенің сертификатын алды. Жеңімпаздарға сыйлықты Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов табыс етті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мыңбаевтар отбасы «Мерейлі отбасы» өңірлік кезеңінің жеңімпазы атанып, ұлттық конкурстың финалында Павлодар облысының намысын қорғаған болатын.
«Богатырь Көмір» ЖШС–нің баспасөз қызметі.