ҚР ТЖ министрі Юрий Ильин «Богатырь Көмір» жұмысына жоғары баға берді

30.04.2021

30 сәуірде «Богатырь» кенішіне жұмыс сапарымен ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Юрий Ильин келді.  Кеніштің көру алаңында қонақты «Богатырь Көмір» ЖШС бас директорының орынбасары Мирхат Мұсанап пен кәсіпорынның бас техникалық басшысы  Игорь Попович қарсы алды.

Таныстыру барысында министрге кеніш тарихы, өндірістік қуаттар, қолданыстағы өндіріс технологиялары, сондай-ақ салынып жатқан циклдық-ағындық кешеннің артықшылықтары туралы айтылды.

– Бұл жобаны іске асыру көмірді темір жол көлігімен тасымалдаудан оны конвейерлік тасымалдауға көшуге, сондай – ақ темір жол көлігін пайдалану өте қиын болатын 200 метрден астам тереңдікте көмір өндіруді жүзеге асыруға мүмкіндік береді, - деп атап өтті компанияның бас директорының орынбасары Мирхат Мұсанап. – Сонымен бірге, ЦАТ енгізу бірыңғай технологиялық  үрдісті жетілдіруге – теміржол құрамының көмір тиеу уақытын 16,6 сағаттан 5,5 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, циклдық-ағындық технологияны енгізу «Богатырь»  кенішінің қуатын жылына 40 миллион тонна көмірге дейін арттырады. Жобаның жалпы құны –  196 млн еуро.

ТЖМ басшысына кәсіпорынның өнімі бүгінде соншалықты сұранысқа ие, сондықтан «Богатырь Көмір» тәулік сайын тұтынушыларға 28 маршруттан (тәулігіне 1900-ге жуық вагон) жөнелтеді деп айтылды.

Министр өз сапары барысында жасыл энергетиканы дамытуды ескере отырып, көмір өндіру мен жағудың дәстүрлі технологиясының болашағы тақырыбын қозғады. Өз кезегінде Мирхат Мұсанап кәсіпорынның көмірге деген тұрақты сұранысы және электр генерациялайтын станциялар тарапынан берілетін өтінімдердің жеткілікті саны бар екенін түсіндірді.

Министр кеніште жарылыс жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу мәселесін жеке сұрады. Сапар барысында онымен бірге болған қалалық ТЖ басқармасының басшысы Дәулет Куконев жарылыс жұмыстарын жүргізу тұрақты бақылауда екенін, сонымен қатар, қазіргі уақытта кәсіпорын эмульсиялық жарылғыш заттарға арналған компоненттерді дайындау бойынша өзінің өндірістік желісін пайдалануға енгізгенін хабарлады. Өндірістің соңғы циклі ұңғымаларға зарядтамас бұрын араластыру және зарядтау машиналарында жүреді.

Кәсіпорынның бас техникалық басшысы министрге «Богатырь» кенішінің дренаж жүйесінің жұмысы туралы айтып берді. Игорь Поповичтің айтуынша, тәулік сайын кеніштен 5 мың текше метрден астам көлемде дренажды суды айдау жүргізіледі. Судың бір бөлігі технологиялық жолдарда шаңды басу үшін қолданылады.

Жалпы, сапарын қорытындылай келе, ТЖМ басшысы «Богатырь Көмір»  компаниясының жұмысын жоғары бағалап, белгіленген жоспарлардың табысты жүзеге асуын тіледі.

«Богатырь Көмір» ЖШС баспасөз қызметі.

 

Жаңалықтар тізіміне оралу