Кәсіподақ

Құқықтарды қорғау, мүдделерге өкілдік ету.

22.02.2019

«Батыр Көмір» жергілікті кәсіподақ төрағасы Қайрулла Тұратаев ұжым алдында былтырғы жылдың жұмысы туралы есеп берді. Есеп беру конференциясы «Өнер» ҚМО-да өтті. Кездесуге 90-нан аса делегат келді.

Есеп беруге еліміздің кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тиникеев, қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағының төрағасы Оразбек Бектасов, кәсіподақтардың өңірлік бірлестігінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты Динара Айтжанова, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасының аппарат басшысы Мұхтар Алтынхан, қауіпсіздік департаментінің директоры Нариман Ақылов, акционерлік қоғамның басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Амралин және «Богатырь Көмір» ЖШС жеке құрам және әлеуметтік саясат жөніндегі директор Азат Макенов қатысты.

Қайрулла Тұратаев жиналғандарды қарсы ала отырып жергілікті кәсіподақтың былтырғы жылдан бастап жұмыс істейтінін еске салды. Бүгінгі күні оның құрамында «Богатырь Көмір» ЖШС-нің 6400-ден аса жұмыскері мен 150-ге жуық зейнеткері бар. Баяндамашының деректері бойынша есептік кезеңде атқарушы комитеттің алты отырысы өткізілген. Кәсіподақтың жұмысы көп қырлы, бірақ оның басты міндеттерінің бірі – жұмыскерлердің заңды құқықтарын қорғау мен мүдделеріне өкілдік ету.

– «Батыр Көмір» жергілікті кәсіподағы жұмыскерлердің өкілі ретінде ұжымдық шарттың сақталуын көздейді, себебі қолданыстағы заңнамаға қарағанда онда әлеуметтік жеңілдіктердің, құқықтар мен кепілдіктердің аса жоғары деңгейі көрсетілген, – деп баса айтты спикер.

Қ.Тұратаев былтырғы жылы арнайы келістіруші комиссияға 19 өтініш түскенін айтты. Кәсіподақ жұмысының арқасында компания қызметкерлерінің пайдасына жеті бұйрықтың күші жойылды.

– «Батыр Көмір» жергілікті кәсіподағы Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауы тұрғысынан акционерлерге қызметкерлердің еңбекақыларын 30-50%-ға көтеру туралы өтінішпен хат жолдады (облыс бойынша инфляция пайызына еңбекақыны индекстеуден басқа), - деп атап өтті кәсіподақ төрағасы. – Сондай-ақ Шахтер күніне еңбекақының 100% көлемінде сыйлықақы беру туралы, жұмыскерлерді шипажайлық-курорттық емдеу туралы мәселені шешу қажеттілігі, арнайы киімнің, арнайы аяқ киімнің, жеке қорғаныс құралдары мен т.б. жетіспеушілігі мен сапасы туралы қолдаухат жіберілді. Жуырда бізге зиянды және қауіпті еңбек жағдайларына өтемақылар мен коэффициенттерді есепке алумен және мамандықтардың разрядтарына байланысты жұмыскерлердің еңбекақыларына дербес есеп жүргізіп, бұл есептерді кәсіпорын әкімшілігіне қарастыруға беру ұсынылды. Бұл жұмыспен біз міндетті түрде айналысатын боламыз.

«Самұрық – Энерго» АҚ басқарма төрағасына жазбаша өтініш берілген соң жергілікті кәсіподақ Белокуриха сауықтыру орталықтарымен шипажайлық-курортттық емдеуге шарт жасау туралы мәселені келісе алды. Спикердің айтуынша, биылғы уақытты жақсы үнемдеуге мүмкіндік беретіндей етіп тендерсіз бір көзден сатып алу арқылы өткізуге болады.   

Сонымен қатар Қ.Тұратаев кәсіподақтың жұмыскерлердің бос уақыттарын қамтумен, сауықтырумен, көптеген мәдени-бұқаралық жұмыстармен айналасатындығын, мұқтаж адамдарға қайырымдылық көмек көрсететіндігін атап өтті. Мысалы, былтырғы жылы жалпы алғанда 40 миллион теңге бөлген.

Баяндамашы сөзінің соңында кәсіподақ және компания әкімшілігі әлеуметтік серіктес болып табылатындығын  ескертті.

– Біз әрдайым мәселелер мен тартысты жағдайларды келіссөздер арқылы шешуге дайынбыз. Бұл жылдары біз көп нәрсеге қол жеткіздік, бірақ өмір бір орында тұрмайды. Жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын үнемі жақсартқымыз келеді. Әрі қарай осымен жұмыс істейтін боламыз – деп қорытындылады Қайрулла Тұратаев.

Ұйымдастырушылар кездесуге жиналғандарға «Батыр Көмір» жергілікті кәсіподағының былтырғы жылғы жұмысы туралы бейне есепті көрсетті. Ревизиялық комиссияның мүшелері де есеп берді.

Дегенмен, пікірсайыс қызу өтті. Кеншілер ревкомиссияның баяндамасын сынға алды, сұрақтар қойды, ескертулер жасады және ұсыныстар енгізді.

Қарағандыда туып-өскен бұрынғы кенші, қазіргі белгілі қазақстандық қоғамдық-саяси қайраткер, Республика Парламентінің экс-депутаты, еліміздің кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тиникеев күштің бірлікте екендігін баса айтты, сондықтан кез-келген ұжым шынында да ұйымшыл болуы қажет.

Кеншілер «Батыр Көмір» жергілікті кәсіподағы төрағасының баяндамасын назарға алды. Ал ревизиялық комиссияның есебін де кеншілер дауыс беру нәтижесі бойынша бекітті.

Д.САГНАЕВ.

Суретке түсірген Олег МАЛЬЧУК.

 

Кәсіподақтың мақалалар тізіміне