Адамдар

Еңбегі құрметке ие болған

26.09.2018

«Еңбек даңқы» белгісінің кавалері, Тұрсынбаевтар еңбек әулетінің отағасы Сейфула Хайроллаұлы Тұрсынбаев отыз жылдан аса көмір өнеркәсібінде еңбек етуде. Қарапайым кенші отбасынан шыққан, майдангердің ұлы Сейфула Хайроллаұлы өз өмірінің ісі ретінде көмір саласындағы жұмысты таңдады.

Сейфула Хайроллаұлының ата-анасы көп жылдар бойы «Экибастузуголь» өндірістік бірлестігінде еңбек атқарды.  Әкесі Хайролла Тұрсынбаев алдымен экскаватор машинисті, сосын құрал-сайманшы болды, анасы Бибиназия Захретдинова «Центральный» кенішіндегі шахтада компрессоршы болды. Екеуі де «Экибастузуголь» өндірістік бірлесітігінен зейнеткерлік демалысқа шықты.

Сейфула Хайроллаұлының еңбек өмірбаяны №163 кәсіби-техникалық училищеден (қазіргі Қ.Пішенбаев атындағы тау-кен-техникалық колледжі) бастау алды. Жас жігіт сол уақытта екібастұз кадрлар ұстаханасындағы мамандықтардың ішінен «ауыспалы тоқ тартқыш агрегатының машинисті» кәсібін таңдады. Машинистке оқуға көршісі Александр Григорьевич Черненко кеңес берді, ол өзі БЖКБ-да тепловоз машинисті болып жұмыс істеді. 

- Қазір өзін техника ретінде көрсете білген жаңа «ОПЭ» дизель-электровоздар шығарылады, оның болашағы бар, сондықтан машинист болу ең келешекті мамандық – деп мені көндірді көршім- деп еске алады Сейфула Хайроллаұлы. Неге болмасқа деп ойлана келе мен де келісімімді берді. Мен бүгін өткенге көз жүгірте отырып, дұрыс шешім қабылдағанымды түсіндім. 

   Училищені аяқтаған соң тәжірибеден өту қажет болды. Ол жылдары білікті жұмысшы кадрлар жетіспеді, сондықтан көмір кенішіне орналасқан училище бітірушілер әскер қызметінен екі жылға шегерілді. Жас маман Тұрсынбаев Богатырь жүк тиеу-көліктік басқармасы «Ковыльная» станциясының жылжымалы құрам депосында тартушы агрегат машинистінің көмекшісі болып жүргенде мамандықтың қыр-сырын үйренді.  1983 жылы ол әскер қатарына шақыртылды. Ол әскери қызметті Приволжск әскери округінің инженерлік – техникалық әскерінде өтеді. Оқудың қорытындысы бойынша Сейфулаға «кіші сержант» әскери атағы берілді. Сонымен қатар, ол «мұнаралы кран машинисті» тағы бір азаматтық мамандыққа ие болды. Әскер қатарында жүргенде Сейфула ондаған көп қабатты тұрғын үй мен офицерлік құрам үшін жатақхана салуға ат салысты.

- Біздің міндетіміз ғимаратты монтаждау болды,- деп нақтылайды Сейфула Хайроллаұлы, - ал әрлеу жұмыстарымен басқа бригадалар айналысты.

Әскери құрылысшы Тұрсынбаевтың адал және жауынгерлік еңбегі үйге кезектен тыс демалыс берумен еленді.

Сейфула әскери қызметтен оралған соң бұрынғы жұмыс орны – депосына келді. ОПЭ машинистінің көмекшісі болып бес жыл жұмыс атқарған соң ол 1990 жылы машинистке ауысты, ал алты жылдан кейін машинист-нұсқаушы болды. Осы кәсіпте Тұрсынбаев 2004 жылға дейін «Степная» ЖҚД бастығының орынбасары болғанша еңбек атқарды. Бүгінгі күні  Сейфула Хайроллаұлы ТЖЖЖД-нің локомотивтерді жөндеу бойынша бас технологы. 

Өзінің кәсіби қалыптасуында негізгі рөл атқарған адамдардың ішінде бірінші тәлімгері, ОПЭ машинисті Сергей Евгеньевичтің Мозговты атайды.

- Осы жылдар бойы мен жолдастарым Виктор Алексеевич Коваленконың, Валерий Викторович Чинаевтың, Илья Иванович Сизоненконың, Александр Кузьмич Новиковтың қолдауларын сезіндім – дейді Сейфула Тұрсынбаев. Олардың барлығы өз істерінің шеберлері, олардың әрқайсысынан мен өзіме керек көптеген пайдалы істер жинақтадым. Олардың еңбекке деген қатынастары жастарға үлгі боларлық. Жағдайды пайдалана отырып, Сергей Юрьевич Шишовтың, Юрий Кузьмич Новиковтың,  Сергей Геннадьевич Захаровтың, Александр Васильевич Зориннің, Темірболат Ағзамұлы Нұрашевтың жоғары кәсіпқойлықтарын айта кеткім келеді.  

  Солармен қатар, Сейфула Хайроллаұлының өзі өткен жылдары теміржолшылардың бірнеше ұрпағын дайындады. Оның оқушыларының көбі Богатырь жүк тиеу-көліктік басқармасында еңбек етуде.

- Олардың кейбіреуіне мен теорияны үйреттім, кейбірі менде тәжірибеден өтті. Менің жастарға айтар басты ақылым – жалқау болмау, өздігінен білім алумен айналысу. Мен өзім тәжірибем мол болса да, жоғары білімім болса да қосымша техникалық әдебиет оқуға уақыт табамын. Білім артық болмайды және ол жұмыс үдерісінде анағұрлым жақсы бекітіледі.

2001 жылы серіктестіктің үздік жұмыскері болып танылған, «Еңбек даңқы» белгісінің кавалері Сейфула Хайроллаұлы Тұрсынбаев өзін бақытты адаммын деп санайды. «Богатырь Көмір» ЖШС-нің бухгалтериясында бас экономист болып жұмыс істеген жұбайы Айгүл Қайроллақызымен бірге төрт бала тәрбиелеп, өсірді. Оның әрқайсысы өмірден өз жолдарын тапты. Екі ұлы Фарид және Руслан  БЖКБ «Октябрская» ЖҚД «ОПЭ-1» тартушы агрегат көмекшілері, ал қызы Даяна – Богатырь ЖКБ-да кадрлар бөлімінде жұмыс істейді, кіші қызы Аида Павлодар мемлекеттік университетінің студенті, келіні Жамиля «Южная» постында оператор болып істеді, қазір бала күту демалысында, күйеу баласы Александр – тепловоз машинисті. 

Олардың барлығы «Богатырь көмір» ЖШС-нің атақты еңбек әулеттерінің бірі Тұрсынбаевтардың үлкен және тату отбасы.

Қанат АЛДАБАЕВ 

Суретті түсірген Олег МАЛЬЧУК.

 

Адамдар мақалалар тізіміне